Қостанай жолдары талапқа сай жөнделмей жатыр

Қостанай жолдары талапқа сай жөнделмей жатыр

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов көктемде қала басшылығына жылдар бойына жөнделмеген, көп жағдайда елеусіз қалып қоятын тысқары көшелердің тас жолын жаңартуды тапсырған.

Жауапты өкілдермен бірге сол тапсырма аясында орындалған жұмыстың барысымен танысты. Айта кету керек, биыл қала бюджеті 178 млрд теңгеге жетті, ол өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Ал қала көшелерін жөндеуге 4,4 млрд теңге бөлінген. Ол да былтырға қарағанда шамамен екі жарым есе артық.

Қала әкімінің орынбасары Алмат Ысмағұлов жүргізілген жөндеу жұмыстары жайлы және жоспарланған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Бағыт Шипин көшесінен басталды. Көктем мезгілінде және жаңбырлы күндері бұл көшенің топырағы ми батпаққа айналып кететін. Қазір тас жол төселіп, мердігер бұл аумақтағы жұмыстарды аяқтап жатыр. Алайда, жаяу жүргіншілер жолы толық бітпеген. Кейбір тротуарлар параметрге сәйкес келмейді.

 – Биыл қалада 65 көше жөнделеді, оның 60 пайызы жаңартылды. Қалған жұмыстарды қыркүйек айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Аула аумақтарын жөндеу жалғасады. Осы жылы 53 аула жаңартылады. Осылайша, жаңартылған аула көлемін 78%-ға жеткіземіз. Қалада барлығы 523 аула бар, – деді қала әкімінің орынбасары.

Тексеріс барысында Құмар Ақсақалов жол үстіндегі кәріз құдықтарына назар аударды. Олар тас жолдың биіктігіндей деңгейде жасалуы керек екенін айтты.

 – Жүргізушілер үнемі осындай құдықтарға шағымданады. Құдық қақпағы жол деңгейінен биік. Нормативке сәйкес барынша төмен болуы керек. Байқап келемін, кей жерлерде талапқа сай келмейді. Мердігердерге сондай жерлерді талапқа сай қайта жасауға міндеттеңіздер, – деді Құмар Ақсақалов.

Әрі қарай К.Дөненбаева көшесінен Хим.зауытқа қарай өтетін жол учаскесін қарады. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл ауданда 74 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұрын бұл аумақтың жолы әбден тозығы жеткен еді. Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы екі шақырым. Аймақ басшысы, Хим.зауыт ауданы инвесторларды шоғырландыруға ыңғайлы аймақ екенін атап өтті.

 – Кәсіпкерлер жолдың нашарлығын айтып шағымданған. Енді тас жол төселді. Бұл сонымен қатар, инвесторлар үшін хим.зауыт аумағының бос орындарын қалыпқа келтіруге жақсы мүмкіндік. Инфрақұрылым жобаларды жүзеге асыруға көп септігін береді, – деді облыс әкімі.

Қостанай-2 ауданында осы жазда Спартак көшесінің үш өткелі жөнделген. Топырақтың ылғалын ескеріп, жұмыстар соған сай жүргізілген. Тексеріс Қостанай-2 мен “Әуежай” аудандарын байланыстарын жолдың жұмысымен танысумен тәмәмдалды. Бұл жол салынса қала ішінде көлік жүктемесі едәуір жеңілдемек. Оның ұзындығы 1,2 шақырым.

 – Жолдың екі жағына ені 1,5 метр веложол және осындай көлемде тротуар салынады. Негізгі жолдың ені 8 метр болады. Материал толық жеткілікті. Бағдаршамдар мен жарықтандыру орнатылады, – деді мердігер ұйым басшысы Рубик Аветисян.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу