Облыста жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Биыл бұл салаға 100 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 47 пайызы – республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге бағытталған. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
«Биыл жол саласы – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Облыс бойынша бөлінген 100 миллиард теңгеден астам қаржының 47 пайызы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалады. Бұл – өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты қадамы,» – деді облыс әкімі.
Биыл Троебрат – Ұзынкөл бағытындағы жол құрылысы, Сарыкөлден Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейінгі жол, Қарабалық – Қайрақ бекетіне дейінгі жол толық аяқталмақ.
Бұл жобалар облыс тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп, транзиттік әлеуетті арттырады. Есесіне, Қамысты ауданындағы Бестөбе ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі жолдың жөндеу жұмыстары басталды.
«Ауылдарды облысаралық және республикалық жолдармен тиімді жалғау – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, экономикаға серпін береді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жеңілдейді,» – деп атап өтті әкім.
Бұдан бөлек, Қостанай өңірі үшін аса маңызды Транскаспий халықаралық дәлізінің құрылысы Арқалық – Торғай бағыты бойынша басталды.
«Бұл дәліз – еліміздің халықаралық транзиттік әлеуетін арттыратын стратегиялық жоба. Арқалық пен Торғайдың арасын жалғай отырып, біз тек жол емес, үлкен экономикалық көпір саламыз. Бұл бағыт Қытай мен Еуропа арасындағы сауда тасымалының жаңа мүмкіндіктерін ашады,» – деді Құмар Ақсақалов.
Жол салу – тек қатынас емес, даму құралы.
Облыс басшысы жол инфрақұрылымын дамыту – тек көлік қозғалысын жеңілдету емес, экономиканың тұтас дамуына жол ашатынын атап өтті.
«Жол – өмір сапасының көрсеткіші. Қазір біз жол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға күш салып отырмыз. Жол бар жерде даму бар,» – деп түйіндеді Құмар Ақсақалов.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев