Қостанай облысында 2026 жылдың алғашқы екі айында тұрғындарды ит қабу фактілеріне байланысты жағдайлар айтарлықтай көбейген. Өңірде антирабиялық көмекке жүгінгендер саны 700 адамға жетіп, оның 167-сін балалар мен жасөспірімдер құраған.
Мамандардың мәліметінше, бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Әсіресе, адам өміріне қауіпті саналатын аймақтардан — бас, бет, мойын, сондай-ақ саусақ пен қол ұшынан болған жарақаттар үлесі 38,1%-ды құрайды.
Жалпы тіркелген 592 жарақаттау фактісінің басым бөлігі иттер мен мысықтарға тиесілі. Оның ішінде 84%-ы иесіз жануарлардан келген. Атап айтқанда, белгісіз иттерден 182, ал мысықтардан 81 адам зардап шеккен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш төмен болған: иесіз иттерден — 160, мысықтардан — 36 жағдай тіркелген.
Жабайы жануарлардан зардап шеккендер саны да артқан. Биыл 33 адам жабайы аңдардың шабуылына ұшыраса, оның 8-і түлкі мен қарсақтан, ал 25-і басқа жануарлардан болған. Ал 2025 жылы түлкі мен қарсақтан бірде-бір зардап шегу жағдайы тіркелмеген, өзге жануарлардан небәрі 7 адам зардап шеккен.
Дәрігерлер тұрғындарға сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді. Егер жануар зиян келтірген жағдайда, дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет. Антирабиялық екпелер тегін жүргізіледі. Дер кезінде көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалуға сеп болады.
