Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің 21 азаматы Қостанай облысында еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырып келген.
Қостанай облысы ПД Көші-қон қызметі және Қарабалық ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды өткізу барысында ауданда салынып жатқан объектіде заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының 16 азаматын және Тәжікстан Республикасының 5 азаматын анықтады.
Белгілі болғандай, шетелдік азаматтар осы жылдың наурыз айында келген. Бұл ретте уәкілетті орган беретін еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тиісті рұқсаты болмаған. Жұмыс беруші рұқсат құжаттарынсыз шетелдік азаматтарды жұмысқа қабылдаған.
Қарабалық аудандық сотының шешімімен Өзбекстан мен Тәжікстанның 21 азаматы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мынадай жазалар қолданылды:
– 17 шетелдікке 69 мың теңге көлемінде айыппұл салынды;
– 2 шетелдік азамат 2 тәулікке әкімшілік қамауға алынды;
– өзге елдің 2 азаматы Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарылды.
“Заңсыз көшіп-қонушыларды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушіге 100 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілік түріндегі жазаға тартылды. 2023 жылдың 3 айында Қостанай облысының аумағында елде болу ережелерін бұзғаны үшін 236 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазақстан Республикасынан 20-дан астам шетелдік азамат шығарылды. Қазақстан Республикасының 234 азаматы ішкі істер органдарына шетелдік азаматтардың келгені туралы уақтылы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қос азаматтықтың 18 дерегі анықталды”, – делінеді облыстық ПД хабарламасында.