Құрылыс – өңір экономикасында тұрақты өсіп келе жатқан саланың бірі. Мәселен, алдағы бес жылда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 23 мыңға жуық баспана тұрғызу жоспарда бар. Оның 70% коммерциялық тұрғын үй болмақ. Ұзын саны 80 мыңнан астам адам баспанамен қамтамасыз етіледі.
«Коммерциялық құрылыс салушылардың санын арттыру мақсатымен олардың жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жеткізуге, сондай-ақ абаттандыруды жүзеге асыруға дайынбыз. Былтыр жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен «Отбасы банк» АҚ-мен бірге «Қостанай жастары» жеңілдікпен несие беру бағдарламасы басталды. Осы жылы біз географияны облыс өңірлеріне кеңейтіп, қаржыландыру сомасын үш есеге ұлғайттық. 2,1 млрд теңге қаражат бөлінді, кемінде 140 пәтермен қамту жоспарлануда», – дейді облыс басшысы.
Жол құрылысына еншіленетін қаражат та жылдан-жылға көбейіп келеді. Қостанай облысы елде жолдарының ұзындығы жөнінен бірінші орында екені баршамыға мәлім. Биыл осы салаға былтырғыдан 30% көбірек қаржы бөлініпті (55,7 млрд теңге). Бұл сомаға 446 шақырым жол, 94 елді мекенде үш жүзге жуық көше жөнделеді. Сондай-ақ әуе қатынасына да мән беріліп отыр. Қазір әуежай ғимараты жөнделіп жатыр. Бұдан былай бір уақытта жеті ұшақ қабылдауға және ұшу географиясын кеңейтуге мүмкіндік тумақ.
Осы жылы Береке және Қонай шағын аудандарында және Қостанай ауданының Еңбек ауылында 1980 орынға арналған үш мектеп пайдалануға беріледі. Мұның сыртында, Қарабалық ауданының Гурьянов ауылында жүз орындық мектеп құрылысын бастау жоспарланып отыр. Рудный қаласында 1 200 орынға арналған мектеп салу үшін облысы әкімдігі және Еуразия Тобының кәсіпорындары арасында меморандум жасалған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 6300 орындық сегіз мектеп салынады.
Жандос Жүсіпбеков