Қостанай облысында төрт мыңнан астам жоба субсидияланды

Қостанай облысында төрт мыңнан астам жоба субсидияланды

Соңғы жылдары елімізде шағын және орта кәсіпкерлік жүйелі түрде дами бастады. Яғни, кәсіптің кез келген түрімен айналысамын деушілерге ешқандай кедергі жоқ. Керісінше, мемлекет кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға мүдделі. Сондықтан, олардың бастамаларын демеп жіберу үшін түрлі қаржыландыру тетіктерін іске қосты. Бұл жаңадан іс бастаған жандарға үлкен мүмкіндік екені даусыз. “Даму” қоры Қостанай облыстық филиалының директоры Замира Оразбаеваның айтуынша, бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары іске қосылған кезден бері өңірде 286,27 млрд теңгеге бағаланған  4021 жоба субсидияланған. Мұның сыртында кәсіпкерлердің 2995 жобасы “Даму” қорынан 30,8 млрд теңге кепілдік алған. Жалпы несие мөлшері  68,2 млрд теңге.

–Биылдың өзінде облыста 339 жобаға  18,4 млрд теңге демеуқаржы төленді.  Ал 245 жоба “Даму” қорынан 12,4 млрд теңгелік кепілдікке ие болды.  Кәсіпкерлердің қолына тиген  жалпы несие сомасы 6,7 млрд теңге. Бұл дегеніңіз қомақты көмек. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз. Бізде түрлі бағдарлама жұмыс істейді. Оның ішінде Торғай өңірінен шыққан кәсіпкерлер үшін 1%-пен несие алуға мүмкіндік туып тұр. Яғни, белгілі бір кәсіппен айналысқысы келетіндер “Даму” қоры арқылы 20 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін несие рәсімдей алады,–дейді филиал директоры.

Өңірде мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тиген кәсіп иелері аз емес. Олардың біраз бөлігі  осы  “Даму” қорының көмегіне арқа сүйеген.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Б.Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу