Қостанай облысында тасқын судан зардап шеккендерге 122 пәтер сатып алынды

Қостанай облысында тасқын судан зардап шеккендерге 122 пәтер сатып алынды

Қазір су тасқынынан зардап шеккендердің шығыны өтеліп жатыр. Облыс әкімдігі үйі жарамсыз болып қалған азаматтарға 122 пәтер сатып алынғанын хабарлады.

Бүгінге дейін зардап шеккен үйлердің барлығы дерлік тексерілген. 475 үй қалпына келтіруге келмейді деп танылса, 876 үй жөндеуді қажет етеді.

Қостанай облысының әкімдігі залалды тезірек өтеу үшін барлық қажетті шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласында 122 пәтердің біріне қоныстанған Мұстафиндер отбасына барды. Оған баспана су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бағдарламасы аясында сатып алынған.
Мұстафиндер отбасының бұрынғы тұрғын үйі қалпына келтірілмейтін болды. Су тасқыны қамыс үйді толығымен шайып кеткен.
Жергілікті комиссия отбасына бөлінген сомаға (22,8 млн теңге) жаңа үй салу немесе қалада дайын тұрғын үй сатып алу жөнінде ұсыныс білдірген. Мұстафиндер отбасы көпқабатты үйден пәтер сатып алуға шешім қабылдады.

Мемлекет апаттан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді жалғастыруда. Облыс әкімінің айтуынша, өңірде өз үйлерінен айырылған адамдардың мүмкіндігінше тезірек баспаналы болуына қолдан келгенінше жәрдемдеседі.

“Біз сондай-ақ апаттан келтірілген залалды барынша азайту және облыс тұрғындарын осындай апаттардан барынша қорғау үшін жұмыс істеп жатырмыз”, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу