Қостанай облысында елуге жуық жоба іске қосылады

Қостанай облысында елуге жуық жоба іске қосылады

Биыл облыста агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларға 28 млрд теңгеден астам қаржы құйылды. Өткен жылмен салыстырғанда жобалардың саны 2,5 есе өскен. Жалпы, үстіміздегі жылы аты аталған салада  72 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланыпты. Осының бәрі жүзеге асқанда 477 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

– Оның ішінде егін шаруашылығында 47 жоба, мал шаруашылығында  15, қайта өңдеу  саласында 10 жоба жоспарланған.  Бүгінгі таңда 4,4 млрд теңгеге бағаланған  17 жоба пайдалануға беріліп, 120-дан астам жұмыс орны құрылды. Қалған жобалар жылдың соңына дейін іске қосылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 10 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, оларға 17,7 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр, – дейді облыстық  ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дмитрий Евстафьев баспасөз мәслихатында.

Тапсыруға дайын ірі өндірістердің ішінде ірімшіктер шығару және толық циклді бұршақ дақылдарын өңдеу кешені бар.  Мәселен,  Меңдіқара ауданында 3 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 40 тонна  бие сүтінің құрғақ  түрін өндіретін заманауи цехтың бірінші кезеңі аяқталды. Бұл облыстағы жалғыз  кәсіпорын. Сондай-ақ, Рудный қаласында жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу зауытын қайта жаңартылды. Бұған 302 млн теңге инвестиция салынды.

–Алдағы уақытта мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін  15 инвестициялық жоба қолға алынады. Жобаға  4,5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалып,  жүзден астам жұмыс орны ашылмақ. Етті мал шаруашылығын дамыту үшін 12 жоба дайын тұр. Оның құны 3 млрд теңге, – дейді спикер.

Жыл соңына дейін егін  шаруашылығы саласына 6,3 млрд теңге инвестициялау жоспарланып отыр. Яғни,  мал шаруашылығы саласын жем-шөппен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен – картоп пен көкөністермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, дәнді дақылдарды сақтау және тазарту бағытында  47 жоба іске қосылады.

Әлібек ЫБЫРАЙ

 

Жаңалықтармен бөлісу