Елімізде 1-маусымда суға шомылу маусымы ресми түрде басталды. Алайда, кейбір өңірлерде суға түсу маусымына дайындық жұмыстары көңіл көншітпейді. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин әзірлік іс-шараларын сынға алып, ресми рұқсат етілген суға түсу орындарының санын көбейту қажеттігін айтты, деп хабарлады Tengrinews.kz. тілшісі.
Мәселен, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында суға шомылуға қауіпсіз орындар әлі күнге белгіленбепті. Республика бойынша суға түсуге рұқсат етілген 487 орын бар. Соның 149-ы коммуналдық және 338-і жекеменшік жағажай.
– Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарында шомылуға болатын орындардың ресми тізімі әлі бекітілмеген. Алматы және Қарағанды облыстары әкімдіктерінің қаулылары қайта өңдеуді талап етеді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 307 жағажай, оның ішінде 95 коммуналдық және 212 жекеменшік жағажай қажетті құралдары бар құтқару бекеттерімен қатмамасыз етілді. Қалған 180 рұқсат етілген шомылу орнында медициналық пункттер мен балаларға арналған шомылу алаңқайлары қарастырылмаған, – деді төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин үкімет отырысында.
Шомылу маусымы басталғалы бері суға кеткендер саны бойынша Абай облысы көш бастап тұр. Одан кейін Ақтөбе облысы. Аталған өңірде бес адам суға кеткен. Бесеуі де бала. Қостанай облысында да бес адам суға кетті. Жыл басынан бері елімізде 45 адам суға кетіпті. Оның 14-і кәмелеттік жасқа толмаған бала.
Министр Ильин шомылу кезеңінің қауіпсіз өтуі үшін жергілікті әкімдіктер ресми рұқсат етілген жағажайлардың санын 15-20%-ке көбейту қажеттігін айтты.
Суретте: Қостанай қаласындағы жағажай