Қостанай облысында 59 жас қызметкер ант қабылдады

Қостанай облысында 59 жас қызметкер ант қабылдады

Бүгін, 12 сәуірде Қостанай облысы ПД бөлімшелерінде жазғы киім үлгісіне көшуге арналған гарнизондық сап түзеу іс-шарасы өтті. Жиында жас полиция қызметкерлері ант қабылдады.

Олардың арасында патрульдік полицияда қызмет ете бастаған қатардағы жауынгер Әмір Тунусов бар.

“Отбасымда ағам полиция қызметкері болды. Оның еліне қызмет етуге деген ұмтылысы  менің де осы мамандықты таңдауыма әсер етті. Азаматтардың құқықтарын қорғау, заңды сақтау және қызметтік борышты орындау – мен үшін Отан перзенті ретіндегі маңызды миссия”, – дейді Әмір.

Полиция қызметкері құқық қорғау органы саласына келмей тұрып әскерде қызмет етіп, арнайы орта білім алған. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнына түсті.

Тағы бір жас қызметкер Елубай Ерболат мектепті бітіргеннен кейін бірден полиция мамандығын таңдаған. Себебі оқу орнында тәртіп сақшылары оқушылармен жиі дәрістер мен кездесулер өткізіп тұрған.

Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев кез келген полицей үшін басты қасиеттер, ең алдымен, Отанға деген сүйіспеншілік, жоғары сана және өз борышын орындау үшін жауапкершілік сезімі екенін атап өтті.

“Сіздер ішкі істер органдарына қызметке келдіңіздер. Жауапты, қиын, бірақ мәртебесі жоғары қызметті таңдап, тәртіп сақшысы болып жұмысқа тұрдыңыздар. Бұл жол сізден шыдамдылықты және, ең бастысы, адамгершілікті талап етеді”, – деді А.Ынтықбаев.

Бұл күні облыста 59 полиция қызметкері ант қабылдады. Іс-шара соңында облыстық ПД жеке құрамы салтанатты шерумен алаңды айналып жүріп өтті.

Жаңалықтармен бөлісу