Қостанай облысында мәдениет және өнер ұйымдарының 625 желісі бар. Биыл республикалық бюджет қаражатынан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 мәдениет нысанның құрылысына 1 077,4 млн теңге бөлінген. Бұл туралы арнайы өткен брифингте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов айтып берді.
–Алтынсарин ауданының Большая Чураков ауылында ауылдық мәдениет үйін, Ұзынкөл ауданы Троебрат ауылында демалыс орталығын салу және Жітіқара ауданының Пригородное ауылында 223,7 млн теңге сомаға ауылдық мәдениет үйі ғимаратының құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Науырзым ауданының Қарамеңді кентінде көрермен залын қоса отырып, мәдениет үйін қайта жаңарту жұмыстары басталды. Сондай-ақ, биыл Арқалық қаласындағы облыстық дала өлкесі тарихы музейінің залдарына реэкспозиция, Аманкелді ауданындағы А. Имановтың мемориалдық музейін, Ұзынкөл орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ғимаратын және Меңдіқара ауданының «Юбилейный» мәдениет үйіне жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратына, «Көпес Яушев пассажы»тарихи-мәдени ескерткішіне ғылыми-реставрацияланады. Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға 1350,0 млн теңге көзделген, – деді Е.Қалмақов.
«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында осы мақсатта облыста «Оқитын ұлт. Читающая нация» жобасы басталды. Ал ауыл тұрғындарын рухани мәдени құндылықтарға баулу мақсатында «Өнер керуені» жобасына бастамашылық жасады. Жоба аясында кітапхана қызметкерлері жазушылармен кездесулер, музей қызметкерлері көрме ұйымдастырады, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері концерттік бағдарламалар, театрлар спектакльдер ұсынады. Суретшілер, вокалдық аспаптық, хореографиялық жанрлардың мамандары шеберлік сабақтарын өткізді.
Өткен сәуір-мамыр айларында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» XXXVI көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестивалінің аудандық кезеңдері өтті. Мәдениет және өнер қызметкерлері күнін өткізу аясында қорытынды және Гала-концерт өткізу жоспарланған. Кәсіби мереке – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында облыстық мәдениет мекемелерінің онкүндігі ұйымдастырылды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА.