Арқалық қаласында жұмыс сапарымен жүрген облыс әкімі Құмар Ақсақалов Восточный жалпы білім беретін мектебінде болды.
Ол осы оқу ошағындағы SpaceX-тен орнатылған Starlink жабдығының көмегімен интернетке қол жеткізу мүмкіндіктерімен танысты.
“Бұның шалғай аудандардағы білім беру мекемелерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге пайдасы зор. Жақын арада облысқа осындай тағы 150 кешен жеткізіледі. Олар бірінші кезекте Жанкелдин, Әулиекөл және Қарасу аудандарының білім беру ұйымдарында іске қосылады”, – деп атап өтті әкім.
Бұған дейін облыстың оңтүстік өңірлеріндегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты, Қостанай облысының әкімдігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, білім беру объектілерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету үшін 30 Starlink кешенін жеткізу мәселесін пысықтаған еді.
Олардың барлығы білім беру сегментіне сәтті енгізіліп, конфигурацияланған.
Осы технология облыстың бірнеше мектебінде қолданылатынын айтты.
“Алдағы уақытта Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктерімен бірлесіп, SpaceX-тен орнатылған Starlink жабдығымен 180 мектепті қамту жоспарланып отыр. Онда мектеп оқушылары жылдамдығы жоғары интернет арқылы онлайн білім беру ресурстарын пайдалана алады”, – деді облыс басшысы.