Кейінгі екі жылда өңірге 1 млрд АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылған. Аймақтың әлеуеті жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанайда өтіп жатқан инвестфорумда сөйлеген сөзінде айтты.
Аймақта бүгінде шетелдік 1400 кәсіпорынның жұмыс істеп тұр. Бұл Тобыл-Торғай өңірінің әлеуеетін көрсетеді. Облыста экономиканы дамытудың жаңа бағыттарын ашу үшін ресурс жеткілікті. Мысалы, пайдалы қазбалар, су, жер, орман бар. Құмар Ақсақалов мұның бәрі облыс экономикасын әртараптандыруға жол ашатын мүмкіндік деп атап өтті.
“Өңірде 200-ге жуық бос кен орындары шоғырланған бірегей минералды шикізат базасы бар, оның 25-і қатты пайдалы қазбалар. Барлық ресурстық-шикізаттық әлеует инвестициялық порталда жазылған. Мүдделі тұлғалар пайдалы қазбаларды барлауға арналған аумақтармен, бос кен орындарымен, сондай-ақ бекітілген қорлармен танысып, лицензия алу үшін өтініш берсе болады. Облыс аумағында игеруге дайын никель-кобальт кендері, бокситтер, темір, алтын, көмір, титан, титан-цирконий және нефрит сияқты бос кен орындары бар”, – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс басшысы бұған дейінгі инвестициялық форумда қара металлургия саласын дамытудың маңызын айтқан еді. Осы жылы не істелді? Облыс ішінде шикізатты қайта өңдеуге бағытталған 3 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
“Біз әрқашан жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ашықпыз және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған бастамаларды жан-жақты қолдауға кепілдік береміз. Инвестициялық форум отандық және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстарды құру және нығайту үшін негізгі алаң. Мысалы, былтыр KIA корпорациясымен осындай форумда зауыт салу туралы келісімге қол қойылды. 2025 жылдың жазында онда алғашқы көлік шығарылады. Өнім номенклатурасының спектрі – компоненттер мен қосалқы бөлшектерден бастап, жоғары технологиялық автомобильдер өндірісін құрастыруға дейін кеңейіп келеді. Қуаттылығы жылына 60 мың жиынтықтаушы Автокомпоненттер өндіру жөніндегі локализациялық орталықтың құрылысы басталды. Бұл жобаны 2025 жылы іске қосу жоспарлануда. Жоспарланған жобаларды іске асыру Қостанай облысына республиканың машина жасау орталығы болуға мүмкіндік береді”, – деп толықтырды облыс әкімі.