Қостанай құрылыс колледжінің студенттері әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істейді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен облыстық ТЖД тапсырысы бойынша сәулет бөлімінің үшінші курс студенттері ынтымақтастық аясында өрт гарнизондарының жобаларын жасап шығарды.
Өңірдің ТЖД өкілдерінің қарауына бірден 5 жоба ұсынылған еді. Бүгінде екеуі мақұлданып, қолдануға жіберілген. Осы жолы студенттер өздерінің үздік инновациялық идеяларын ұсынып, 3D визуализациясы арқылы жобалық жұмыстарын таныстырды. Бұл формат әлеуметтік серіктестермен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын орнатып қана қоймай, еліміз үшін маңызды ауқымды құрылыс жобаларын іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік бермек.
«Тапсырыс берушілермен қарым-қатынас жасау бізге өз жобамызды басқа көзқараспен, атап айтқанда, нарықтағы өзектілік, технологиялық және сұраныс тұрғысынан қарауға, оларды пысықтап құнды ұсыныстар алуға мүмкіндік берді. Жобамыз қоғамның игілігі үшін қызмет ететіні біз үшін өте маңызды», – дейді үшінші курс студенттері Данияр Жармағамбетов пен Руслан Мұқанов.
Студенттер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің грамотасымен марапатталды.