Қостанай ауданының кәсіпкерлерін қандай мәселелер толғандырады?

Қостанай ауданының кәсіпкерлерін қандай мәселелер толғандырады?

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысындағы экономикалық тергеу департаментінің жетекшісі Асқар Әбенов және облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев Қостанай ауданында бизнес өкілдерін қабылдады.

Талқыға алынған түйткілдердің ауқымы кең. Субсидиялау жосықтарынан бастап, жер мәселелеріне дейін қаралды. Мәселен, жәрдемге жүгінген «Баст-агро» ШҚ өкілі Анна Брехачева саланы субсидиялау, өтінім қабылдаудың «Қолдау» жүйесінен АӨК-нің жаңа жүйесіне ауысқанына алаңдаулы.

«Қолдау» ақпараттық жүйесінің «Мемагроға» ауысуына байланысты, бизнес саласында туындап отырған мәселелер бар. Жаңа жүйені жетілдіру жүріп жатқандықтан, ол субсидия төлеу ісін тұралатып тұр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерін қаржылық тығырыққа тіреп отыр. Оның үстіне, биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін саудаға шығаруда да қиындықтар туындады», – деді Анна.

 

Осыған ұқсас мәселені картоп егумен айналысатын кәсіпкер Василий Прокопенко да алға тартты. Биыл фермерлерге өнімдерді саудаға шығару қиындап кеткен. Оған себеп – Ресейден арзан картоптың әкеліне бастауы. Мұның салдарынан кәсіпорындарға қаржылық міндеттемелерді өтеу қиынға соғып отыр.  Кәсіпкер көкөністерді мемлекет тарапынан орталықтандырылған сатып алу науқанын ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыруды сұрайды.

Басқа да кәсіпкерлер қаржылық тығырық, нарыққа жол табу, экспорт, құжаттандыру, құқықтарының қорғалуы секілді көптеген мәселе тұрғысында кеңес алуға келген. Барлық сұрақ оңтайлы шешім шығару үшін ерекше бақылауға алынды.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаевтың айтуынша, «Бизнесті қорғаудың экожүйесі» жобасында мемлекеттік органдармен өзара тығыз әрекеттестікке басымдық берілген. Сондықтан барлық күрмеулі мәселе біржақты етіледі делініп отыр.

Жылжымалы жұмыс тобының отырысында кәсіпкерлік субъектілері құқығының бұзылуына жол бермеу тұрғысындағы ұсыныстар да пысықталды.

Жаңалықтармен бөлісу