Қостанай ауданында қазақ балабақшасы пайдалануға берілді

Қостанай ауданында қазақ балабақшасы пайдалануға берілді

Республика күніне орай Қостанай ауданы Мичурин ауылында “Еркетай” бөбекжай-балабақшасы ашылды.

Салтанатты іс-шарада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали құттықтау сөз сөйледі.

“Баршаңызды балабақшаның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл биыл Қостанай ауданында кәсіпкерлердің көмегімен салынған екінші балабақша, ал осы ауылдағы алғашқысы. Осы ғимаратты салуға қажырлы еңбегін жұмсаған серіктестік басшысы Ищанова Динара Қайырғалиқызына алғысымыз шексіз. Әрі қарайғы жұмыс мемлекеттік білім беру тапсырысымен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда облысымызда 492 мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемесі жұмыс істеп тұр. Осылайша балалардың 91 пайызы балабақшамен қамтылған. Осы ұлттық мерекемізге орай, Рудныйда, Әулиекөлде жаңа балабақшалар пайдалануға берілді. Қостанай мен Рудныйда тағы да балабақшалар салынып жатыр. Осының бәрі балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз етумен қатар, жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Осы балабақшалар іске қосылғаннан кейін бізде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. “Еркетай” бөбекжайында 20 адам жұмыс істейтін болады. Ұжымның алдында балаларға сапалы білім беру, мектепке дейін жақсылап әзірлеп шығару міндеті тұр. Ауыл тұрғындарын, ата-аналарды, ұстаздарды осындай жақсы іс-шарамен құттықтаймын. Келе жатқан Республика күні құтты болсын! Бәріңіздің дендеріңіз сау болсын! Бейбітшілік, келісімде өмір сүрейік!”, – деді Ринат Мұхаметқали.

“Кең жер” ЖШС 100 орындық заманауи балабақша салуға 348 млн теңге бөлді. “Еркетай” балабақшасында жас ерекшеліктеріне қарай 4 топ жұмыс істейді. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Ас үйі, ауқымды ойын алаңы, жататын бөлмелері бар.

Мичурин ауылының ақсақалы Сапаржан Қабдыбекұлы да тілегін білдірді.

“Бүгін бәріміз жақсы іс-шараның куәгері болып отырмыз. Мен Меңдіқара ауданынан осы Мичурин ауылдық округіне қарайтын Алтынсарин елді мекеніне көшіп келгеніме 17 жыл болды. Содан бері осы жердің жұртшылығымен сіңісіп, жақсы араласып кеттік. Сіздердің балаларға жасап жатқан жақсылықтарыңыз, елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңізді өнегелі іс деп есептеймін. Қазақта “баланы жастан” деген нақыл бар, сондықтан бала тәрбиесі әрқашан бірінші орында тұруы керек.
Биік болсын төбесі,
будақтасын өңеші.
Мықты ұстап әр ағашын
Әрбір қаққан шегесі.
Ел басқарған азаматтарға айтарым, істеріңізге ел сүйсінетін болсын!”, – деді ақсақал.

Толығырақ газетіміздің алдағы санында жазатын боламыз.

Суреттерді түсірген – Рабиға Атуллина.

Жаңалықтармен бөлісу