Қостанай ауданында көптеген жаңа нысан салынып жатыр

Қостанай ауданында көптеген жаңа нысан салынып жатыр

Қостанай ауданы адымы алымды, қадамы ширақ өңірлер қатарында. Қазір мұнда құрылыс қызып тұр. Ұзақ жылдар шешімін таппай келген көптеген мәселеге нүкте қойылған. Әр салада ілгерілеу бар. Аудан басшысы Жансұлтан Тәукенов жыл басынан бері атқарылған шаруаларды бүге-шігесіне дейін баяндап берді.

Аудан алғашқы жартыжылдықты табысты аяқтады. Оны барлық саладағы оң көрсеткіштер айғақтайды. Айталық, жыл басынан бері аудан экономикасына 11,064 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл – былтырғыдан әлдеқайда көп сома.

«Салық және басқа да міндетті төлемдердер түсімі 9 млрд теңгеге ұлғайып, өткен жылғыдан 1 млрд-қа асып түсті. Айлық орташа жалақыға шамамен 66 мың теңге қосылды, – дейді аудан әкімі. – Өнеркәсіп кәсіпорындары 18,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, былтырғы көрсеткіштен үш млрд теңге артық табыс тапты».

Ауданда шағын және орта бизнесті қолдау шаралары да нәтижелі. Соңғы мәлімет бойынша, ұзын саны 5297 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оларда 12 484 адам жұмыс істейді екен. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасын іске асыру аясында, бірінші жартыжылдықта 72 жобаға 3,7 млрд теңге несие беріліпті. Жеке кәсібін ашуға ынта білдірген азаматтар ішінде Тобыл қаласының, Заречный және Мичурин ауылдық округінің тұрғындары ерекше белсенділік танытқан.

«Биыл сегіз инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оларға 2,1 млрд теңге шығындалмақ. Алпыс шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылуы мүмкін. Жобалардың қай-қайсысы да ерекше маңызға ие. Олардың қатарында Бекіре өсіру фермасы, шұжық цехын қалыпқа келтіру, «TOBYL BEACH» демалыс базасын салу, «Techsystems&Bourgalt» техника орталығы шеберханасының құрылысы, асыл тұқымды мал өсіру және сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны, астық қоймасы, механизацияланған ток құрылысы жобалары бар», – деп санамалап берді Ж.Тәукенов.

Аудан көлемінде көп жыл елді елеңдетіп келген мәселелер шешімін тапты. Солардың бірі – ауыз су проблемасы.  Биыл мамырда Заречный ауылында әр жаз сайын дефицитке айналатын ауыз су түйткіліне нүкте қойылды. Қостанай қаласынан Заречныйға дейін құбыр желісі тартылған. Қазір Заречныйдан Октябрь ауылына құбыр жүргізіліп жатыр.

«Бұдан бөлек, маусымда Александров ауылы ауыз сумен қамтылды. Владимиров, Мәскеу, Айсары, Половников елді мекендеріне су тарту жұмыстары жалғасу үстінде. Жыл соңына дейін толық аяқталады. Сондай-ақ, биыл Павлов, Балықты, Шоққарағай ауылдарына тасымалданатын суды таратуға арналған 4 пункт салынады», – дейді аудан әкімі.

Алдағы жылы Мичурин, Садовой, Нечаев, Талапкер, Рыспай, Абай, Молоканов, Еңбек, Лиманный, Жданов ауылдарын сумен қамту жұмыстары басталады. Бүгінде жобалық құжат әзірлеуге ден қойылып жатыр.

Жылумен қамту жұмыстарының да маңызы аса зор. Техникалық зерттеу жұмыстарының қорытындысы көрсеткендей, «Затобол ЖЭК» КМК жылу желілерінің 56,4%-ның тозығы жеткен. Биыл компания жеке қаражатына 300 метр жылу желісін жөндегелі отыр.

 «Облыстық Энергетика және ТКШ басқармасына 2,49 шақырым құбырды жөндеу жұмыстарын жобалауға қаржы бөлу жөнінде өтінім берілді. Мұның сыртында, Озерный ауылындағы мектеп, мәдениет үйі және амбулатория ғимараттарына арналып, блок-модульді газ қазандығы орнатылмақ», – дейді аудан басшысы.

Бүгінде Еңбек ауылында жүз орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оған 1,2 млрд теңге бөлінген. Оның сыртында Жуков ауылында жүз орындық мектеп салу жобасы мақұлдаудан өтіп отыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тобыл қаласында 1 200 орындық және Заречный кентінде 900 орындық жалпы білім беретін мектеп салу жоспарда бар.

«Бұдан бөлек, Заречный ауылында емхана құрылысы басталды. Ауысым сайын 250 пациент қабылдауға қауқарлы мекеме құрылысына 2, 162 млрд теңге бөлінген. 2024 жылы пайдалануға беріледі. Биыл Владимиров, Октябрь ауылдарында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталғанын да айта кетейік», – дейді Ж.Тәукенов.

Биыл ауданда жаңа нысандар құрылысы ерекше қарқынды. Қазір Заречныйда мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен емдеуге және оңалтуға арналған жабық манеж салынып жатыр. Жоба құны – 821 млн теңге. Осы ауылда жаңа спорт кешенінің де құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта Жуков ауылында да спорт кешені, Заречныйда жабық мұз айдыны салынбақ. Айсары ауылының қуанышына орай, жаңадан мәдениет үйінің іргесі қаланады.

Құрылыс демекші, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Тобыл қаласындағы «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарын дамытуға баса назар аударылып отыр. Қос қалашыққа су, жылу, газ, электр тартылып, тоғыз қабатты үйлер бой түзеп, жол төселеді.

Жаңалықтармен бөлісу