28 июня, 2025
Қостанай ауданында Балалар шығармашылық үйі ашылды

Қостанай ауданында Балалар шығармашылық үйі ашылды

ҚР Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында Тобыл қаласында қосымша білім беру орталығының ашылу рәсімі өтті.
Көп уақыт бос тұрған ғимарат балалар шығармашылық үйіне бейімделіп, мемлекеттік мереке күні салтанатты түрде ашылып отыр. Бұл нысан бір мезетте 350 баланы қабылдайды. Оқушылардың әртүрлі бағытта тәлім алуына барлық жағдай жасалған. Орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп қатысты.

«Мемлекетіміз бұдан да мықты-мығым бола түсуі үшін жан-жақты дамыған, білімді жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Бұл мақсаттың орындалуы жолында ел Президенті Қасым-ЖомартТоқаев бірнеше тапсырма беріп, тиісті бағдарламалар бекітіп, түрлі бастамаларға жол ашып, көп көлемде қаражат бөліп, тиісті деңгейде қолдау көрсетумен келеді. Осы тапсырмаларды орындау жоспары аясында, мінеки, Тобыл қаласында балаларға арналған үлкен шығармашылық орталығы ашылып отыр. Жеткіншектеріміз осы жерде қабілеттерін шыңдап, дарындарын ұштап, тұлға болып қалыптасып, зор жетістіктерге жетеді деп сенемін. Оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналар қауымын құттықтаймын» – деді облыс басшысы.

Жаңа орталықта елу шақты үйірме жұмыс істемек. Атап айтқанда, ғылыми-техникалық, көркем эстетикалық, сәндік-қолданбалы, экологиялық, әскери-патриоттық, спорттық-интеллектуалдық, әлеуметтік-педагогикалық, туристік-өлкетану бөлімдері жас буынға тәлім-білім береді. Мұнда балалар STEM-зертханалар, робот құрастыру сыныптары, тігін шеберханасы, фото-видео студиясы сияқты сан салалы мүйісте шығармашылық тұрғыда дамып-жетілуге мүмкіндік алады.
Облыс әкімі жаңа ғимаратты аралап көріп, әр үйірмемен танысып, тәлімденушілермен, оқытушылармен тілдесіп, нысанның ішкі қамтылымына жақсы бағасын берді. Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Жандос Жүсіпбек,

Жанайым Балғынбекқызы,

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ