Айналасы 5-7 жыл бедерінде Тобыл қаласының іргесінен заманауи үлгідегі шағын аудандар сән түземек.
Қаланың бас жоспары бойынша, 1 миллион шаршы метр аумақта 5-тен 24 қабатқа дейінгі 154 зәулім үй салынады. Бұл, жобамен, алпыс мың тұрғынды баспанамен қамтитын аумақ. Шаһарға бергісіз шағын аудандардың келешек келбеті облыс әкіміне және қостанайлық студенттер қауымына таныстырылды.
«Барлық жобалық шешім заманауи стильге, тартымды дизайнге негізделген, яғни әдеткі кірпіш қаптамалы нұсқа қолданылмайды. Баспаналармен қоса, әлбетте, әлеуметтік нысандар салынады. Атап айтқанда, екі мектептің, аурухананың және әлемдік деңгейдегі спорт кешенінің негізін қалау жоспарда бар. Ал тоғыз қабатты үйлердің бірінші қабатында балабақшалар және сауда нысандары орналасады. Сондай-ақ 143 гектарлық үлкен саябақ та жобаға енгізілген», – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов.
Оның ақпаратынша, аталған қалашықтар болашақ тұрғындары үшін жайлы болуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Кең көше, сайлы инфрақұрылым, жинақылық, абатты ажары сапалы тұрмыстың кепілі бола алмақ. Бұдан соң өңір басшысы да жастар назарын өзіне аудартып, бұл оқиғаның мән-маңызын сөз етті. Облыстағы тұрғын үй құрылысы жөнінен де мәлімет бере кетті.
«Балалар, біз бүгін үлкен бір істің басына келіп, өздеріңіздің қатысуларыңызбен ірі жобаны тұрмыз. Мұның барлығы да Президенттің тапсырмасына сай жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Соңғы жылдары біздегі құрылыс қарқыны 42 пайызға өсті. Биыл жыл соңына дейін өңірімізде 500 мың шаршы метр үй немесе 5 мыңнан астам пәтер тапсыру жоспарымызда бар. Оның сыртында, «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында үш жылда «Отбасы банк» арқылы және облыс бюджетінен бөлінген 5 млрд теңге қаражатқа 200-ден астам жас отбасы үйлі болды. Жыл аяғына дейін жастарға тағы 127 үй кілті табысталады. Салынғалы отырған заманауи сәулетке ие шағын аудандар да жастардың мекеніне айналады деп сенеміз. Бүгін ірі құрылысты нақ сіздермен бастағалы отырғанымыздың да зор мәні бар. Бірнеше жылда мына аймақты танымай қаласыздар», – деді облыс әкімі.
Дәл қазіргі уақытта бес қабатты он тұрғын үйдің іргетасы төселіп жатыр. Олардың жалпы аумағы 60 мың шаршы метрді қамтымақ. Нобайы енді ғана өлшенген болашақ баспананың фундаментіне Құмар Іргебайұлы жастармен бірге алғашқы сылағын салу рәсімін жасады.
«Бәйтерек», «Астана» шағын аудандарының жобасымен танысып, ерекше тәнті болдым. Бұларды расымен де өмір сүруге қолайлы, инфрақұрылымы соңғы талаптарға сай, келбеті көрікті қалашықтарға айналады деп сеніммен айта аламын. Мегаполистерге аңсары ауып тұратын замандастарым туған жерінде тұрақтап қалуы үшін осындай заманауи, тұрмысқа жайлы аудандардың қанат жайғаны қандай тамаша! Алғашқы іргетасына «қолтаңбамызды» қалдырғанымызға ерекше қуаныштымыз», – дейді студент Томирис Жантемірова.
Айта кету керек, шағын аудандар құрылысын қостанайлық компаниялар – «КБС», «Строй Элит Дом» және «Сыл» ЖШС мердігерлікті міндетіне алған. Құрылыс материалдары ретінде жергілікті зауыттың кірпіш, ФБС, бетон сияқты өнімдері қолданылады. Мұндай талаптар жобаның келісім-шартында нақты көрсетілген. Сапаны техникалық бақылау ұйымдары жіті қадағалауда ұстайды. Аудан басшылығының мәліметіне сүйенсек, құрылыс жоспардағыша аяқталса, ауданда тұрғын үй кезегі мәселесі толығымен шешілер еді.
«Қазіргі таңда Қостанай ауданында 28 мың, ал Тобыл қаласында 5300 адам үй кезегінде тұр. Бұл көрсеткіш жыл сайын шамамен 10-15 пайызға ұлғайып отырады. Егер барлық 154 үй салынса, кезегін күткен тұрғындарды баспанамен түгелдей қамтамасыз ете аламыз. Баға мәселесіне келсек, мысалы, жоба құжатында белгіленгендей, бес қабатты бір үйдің құны 1 млрд теңгеге тең. Ал пәтердің әр шаршы метрі 340 теңгеден болмақ», – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Мұқанов.
Іс-шара соңында құрылысы енді басталған алғашқы үйдің іргетасына облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов “уақыт капсуласын” салды.
Құтты алап төсінен қазығы қағылатын қос шағын аудан облыстағы ең көрікті шаһарға айналады делініп отыр. Оның себебі де бар: басшылық өкілдерінің айтуынша, бұлар «қала ішіндегі қала» қағидасымен салынғалы жатыр.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ