Қостанай әуежайына ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының есімі 2022 жылдың сәуір айында берілген еді. Ресми атау ғимарат маңдайына енді ғана қойылып отыр.
Жаңа атау беру былтыр Алаш қайраткерінің 150 жылдығы қарсаңында әуежай қызметкерлерінің ұсынысынан кейін қолға алынды.
Бұған дейін ұшаққа мініп-түскен сайын “Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық Қостанай әуежайына қош келдіңіздер!” деген ауызша хабар ғана айтылатын. Тіпті, кейде тек «Қостанай әуежайы» деп қана хабарлап жататын. Өңірдің белсенді азаматтары, депутаттар осы мәселені талай мәрте көтерді. Енді міне, нысанның маңдайшасына Ахаңның есімі жазылып отыр.
Қуанышты жаңалықты қостанайлықтар әлеуметтік желіде сүйіншілеп жариялады. Облыстық мәслихат депутаты Қырмызы Жаңбыршина әлеуметтік желіде осы істі соңына дейін жеткізген азаматтарға алғысын жеткізді.
«Айтулы мерекеміз – Республика күні қарсаңында Қостанай қаласындағы әуежайдың төбесіне ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі ілініп отыр. Халықтың бұл көптен күткен қуанышы. Ахмет атамыздың рухы риза болып, артында қалған елінің, халқының амандығына тілекші болған ағайынға күтпеген сый жасап, осы жұмысты аяғына дейін жеткізген облыс әкімі Құмар Іргебайұлына және әуежай басшысы Асқар Құралұлына үлкен алғыс айтамыз», – деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.