Ұзынкөлде қонақ үй ашылды

Ұзынкөлде қонақ үй ашылды

Аудан орталығы үшін қонақжайдың маңызы зор еді. Келіп-кеткен меймандар үшін тоқтайтын жер болмай, қызмет бабымен келгендерге біршама қиындық тудырған.

Күні кеше осы аудан орталығында «Сұлтанғали» кешені салтанатты түрде ашылды. Нысан иесі Қайыржан Макубаев Пресногорьков кентінің тумасы. Отыз жылдан астам уақыт Қарағанды өңірінде тұрған. Ұзынкөлге жұбайы Салтанат ханыммен былтыр көшіп келді. Қарағанды жақта кондитерлік өнімдер шығарумен айналысқан ол, болашақта осы кешенде наубайхана ашуды да көздеп отыр. Кәсіпкер кешеннің «Сұлтанғали» аталуы себебін атасының есімімен байланыстырады.

«Кешен ашылмас бұрын қыруар шаруа атқарылып, қомақты қаржы жұмсалды. Мемлекеттен ұтып алған 5 миллион грантқа өзіміздің 150 миллион теңгені қостық. Бұл грантты иелену үшін облыстан 146 кәсіпкер қатысып, он сегізі ғана іліккен еді», – дейді Қайыржан Макубаев.

Кешеннің ішіне кірген бойда төменде тіркеу орны, бірінші қабатында кафе мен бильярд залы және болашақ наубайхана орналаспақ. Екінші қабатында караоке, жатын бөлмелері жайғасқан. Жалпы саны осындай 14 бөлмеде бір уақытта 50 шақты адам тұрақтай алады. Барлық бөлмелері душ, жеке санузел, еуропалық үлгідегі жиһаздармен, қажетті тұрмыстық техникамен жабдықталып, люкс, жартылай-люкс және эконом-класқа бөлінген. Екі люкс бөлме, жартылай-люкс, бір орындық бөлмелер саны – алтау.

«Кешеннің ашылуы ауылдағы жаңа жұмыс орындар мәселесін шешуге септігін тигізуде. Қазірдің өзінде, тек қонақжайдың ашылуы жұмыспен 10 адамды қамтыды. Ал кешен толығымен жұмыс істей бастаса, тағы да жаңа орындар қосылатыны айқын. Бірінші мезетте кешеннің қонақ үйі іске қосылып жатыр, біртіндеп кафе, бильярд, караоке залы ашылатын болады. Көптен күткен қонақ үйінің ашылуы ұзынкөлдіктерге ауылымыздың жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетті. Макубаев мырзаның бастап жатқан игі ісі күннен-күнге артып, үлкеюіне тілектеспіз», – деді салтанатты рәсімге қатысқан Ұзынкөл ауданының әкімі Азамат Аужанов.

Ұзынкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу