Зардап шеккен тұрғындар қала әкімімен бірге болашақ баспаналарының құрылысымен танысуға барды.
Қостанай қаласы әкімдігі тасқыннан үйлеріне нұқсан келген отбасыларға баспана алудың үш нұсқасын ұсынған еді. Оның бір жолы – ақшалай өтем төлеу, екншісі – өздері тапқан пәтердің құнын өтеу, үшіншісі – Қонай шағын ауданынан үй салып беру. Бүгінде Қонайда тұруға тоғыз отбасы ниетті екенін айтқан. Олар үшін ауданы 80 шаршы метр болатын біркелкі үлгідегі тоғыз үйдің құрылысы басталды.
Шағын ауданның болашақ тұрғындары Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевпен бірге құрылыс алаңына барды. Шаһар басшысы үй құрылысы шілде айында толық аяқталатынын жеткізді.
“Бір типтік үйлер ауданның басты көшесінің бойына салынады. Нақты тоғыз үй салынатыны да соңғы шешім емес, келешекте саны көбеюі де мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай, дәл жанында мектеп те салынып жатыр. Қалада 174 жеке үй мен 53 саяжайдағы үйлер зардап шекті. Сондай-ақ тасқын салдарынан қираған 227 үйдің 96-сы апатты жағдайда деп танылды. Үйсіз қалған 80 адам көп пәтерлі тұрғын үйде тұруды шешті. Қазіргі кезде 24 пәтер сатып алынды. Тағы тоғыз отбасы Қонай шағын ауданыда тұруды жөн санап отыр. Қазір үйлердің орындары қазылып, құрылыс жұмыстары басталды”, – деді қала әкімі Марат Жүндібаев.
Қала әкімінің айтуынша, жергілікті мердігер “ЭкспоТранс” ЖШС бас күш-қуатын осы үйлерді тезірек аяқтауға жұмсамақ. Сондай-ақ үйдің аумағы абаттандырылып, қоршалып, барық коммуникациялық жүйелер тартылатын болады.
Болашақ үйін көруге келген қала тұрғыны Людмила Гавришко “Колесный ряды” ауданында 20 жыл тұрған. Өкінішке қарай, тасқын салдарынан үйінен айырылып отыр. Қонайда тұғысы келетін қалған сегіз отбасымен бұрын да көрші болған екен.
“Жер үйге үйреніп қалдық. Сол себепті Қонайда тұрамын деп шешім қабылдадым. Бір жағынан, бұл жаңа аудан, дамып келе жатыр. Ескі үйімде шағын бақшам қалып еді. Жеміс ағаштарын тамырынан қазып алып, осында егемін. Мүліктерімнің бәрі жарамыз болып қалды. Жаңасын сатып алуға тура келеді. Еш мойымаймын. Жәрдемдескен жергілікті билікке, қолдау білдірген ағайындарыма алғыс айтамын”, – дейді Людмила Гавришко.
Тұрғынның айтуынша, бұрынғы үйі 70 шаршы метр болған екен. Жаңа үйі одан кең және бау-бақшасына қосымша орын да жеткілікті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ