“Қандайда бір істі істегің келсе, ол іске әуелі ақылыңды жеткіз, сосын санаңмен сарала, Жаратқан бір жұмбақтың шешуін қоса жібереді» деген тәмсіл бар. Бірақ дүрыс жауабын табу қиынның қиыны. Қанаттың санасын жаулап алған “әке тәрбиесі” осыдан басталатын да, ” біреудің істегенін біреу істей алады”, “Бастаған істі аяғына дейін тындыр,” деген ақылмен жалғасын табатын.
Әбу Насыр Фараби: “дәрігер әрбір адамның денсаулығын анықтау үшін оның жаратылысына қарай отырып, атқаратын қызметінде білуге тиіс” деп айтқан болатын. Оның айтуынша, “медицина – ақихат негіздерге сүйене отырып, адам ағзасымен оның әрбір мүшесінің аман-саулығын қаматамасыз ететін өнер”
Міне, Қанат Мырзалымұлы да медицинаның мақсатына шынайылықпен қарап, қоршаған ортаның ықпалымен науқастардың дәрі-дәрмек, қоректік заттарды қабылдауының маңыздылығына ден қойды.
Жақсы оташы болу – жүректің түктілігімен қатар, білім мен тәжірибенің барлығы, жаңа технологияны игеру. Сонымен қатар, бұрынғы жақсы жағдайлар мен сәтсіздіктерден қортынды шығарып талдап отыру.
Жуырда Қанат Мырзалымұлынан телефон арқылы сұхбат алдым.
“Қаншама адамның жанына араша түстіңіз, әлемге әйгілі Давид Самади сияқты болмағанмен, Сіз де Қазақ еліне белгілі жансыз, науқасқа ота жасауда тәжірибеңіз мол, енді ел алдында өзіңізді қалай сезінесіз?” – дедім.
«Тыңдаңыз!», – деп сәлден кейін бастап кетті.
“Ота жасар алдында пациенттен бұрын өзім дайындаламын, оның клиникалық анализдерін тағы бір тексеріп бірнеше рет оқимын. Ойша елестетіп, «ауруының тарихына» көз салам. Жеңіске жетудің жолдарын ойластырамын. Көп ізденуді, науқастың анатомиясын үңілуді тоқтатқан емеспін.
Мектепте үздік оқумен қатар 5-7 сыныпта бастауыш пионер ұйымының төрағасы, 8-ші сыныптан бастап, мектеп бітіргенге дейін мектеп комсомол ұйымының комсоргі болдым, сол кезде Мәскеудегі жоғары комсомол мектебіне аудан жолдама бергенде бармай медицинаны таңдағандығымның нақты себебі бар болатын. Негізі, дәрігер болуыма өз арманыммен қоса жездем, білікті дәрігер Жарасбай мен оташы болуыма Асқар Байжұманов ағаларымның әсері болды. Бертінде сол ағалардың тәжірибесімен көп нәтижеге жеттім. Әр жерде болатын форумдар мен мастер кластарға жиі баратынмын.
Әрбір сәтті операция науқаспен қатар өзіме де қуаныш сыйлайды. Ол науқастың жақындарының қуанышы екені айдан айқын. Сырқаттан айығу үшін қолымнан келгенді жасасам, әке-шешемнің алдында борышымның бір мысқалын орындағандай боламын. Бұл менің ұстаз әкемнің (Мырзалымның) “адамға жақсылық жаса” деген бала кезімнен миыма құйған қағидасының нәтижесі. Сондықтан болар, дертке дауа сыйлайтын мамандықты еш ойланбастан таңдадым. Бұдан менің ісім елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хатын (2017) алдым. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, Қостанай облысы әкімінің бірнеше граммоталарының иегерімін. Қазақстаннан тыс шет елдерде өткен кәсіби симпозиумдарға конгрестер мен съездерге қатыстым. Сонда көңілге түйгенім, біздің елден дамыған елдер оташылдық мақсаттағы технологиясы бәрібір бізден жоғары. Бір өкінішім, неге осылай кенжелеп қала береміз?..”
Қақаң ойын жинақтап, байланысты үзді. Қарабайырлық емес, қарапайымдылық қой. Грамотадан басқа алған марапаттары туралы ауызына да алмады. Мен де жедел Қостанай облыстық әкімдігіне хабарластым. Әбілдин Қанат Мырзалымұлы туралы деректер түсіп жатты.
1977 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина иститутын бітірген.
1978 жылдан 1982 жылға дейін Қима аудандық ауруханасының оташылық бөлім меңгерушісі. 1982 жылдан Торғай облыстық ауруханасында оташы.
Қазір Қостанай облыстық ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі.
2007 жылы “Қазақстан республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісімен;
2013 жылы “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін ” төсбелгісімен;
2015 жылы “Құрмет орденімен” марапатталған.
2016 жылы А .Н Сызғанов атындағы оташылық Ұлттық ғылыми орталығының Алтын медалінің иесі болды.
Бұдан артық не керек. Қанат Мырзалымұлының ел алдына асқар таудай беделі бар екен. Менің бойымды мақтаныш билеп алды. Әлсіз пендеге тағдырдың дауылы қарсы шығып төңкеріп тастағанда қол үшін беретін Қанат секілді азаматтар көп болса екен, соңынан ерген шәкірттері ісін жалғастырса екен деп те ойладым.
“Шәкіртсіз ұстаз тұл” деген. Сырлыбек Мещанов, Құралбай Асанов, Галина Сергеева, Тимур Әлібаев сияқты шәкірттері болғанына тағы масайрадым. Мұндай азаматтың ақыл-парасат сәулесі кейінгі жастарға шуағын төкпеуі мүмкін емес. Өз күшіне өзі сеніп, білек күші емес, жүрек күшіне сенген, арды ойлаған азамат Қанат Мырзалымұлы үш баланы жеткізіп, алты немере сүйіп отыр. Аңсаған арманын тынымсыз еңбегі өмір шындығына айналдырды.
Ізгіліктің туы әрдайым биік. Сол сияқты берекелі отбасының пейілі таза иесінің бірі Қақаңның аяулы жары Тамара жоғары білімді ұстаз, қуанышты көкірегімен сезетін инабатты жан.
“Бақыт деген жарыңның жанарында
Бақыт деген халқыңның қабағында” (Қ Мырзалиев) дегендей, Қанат Мырзалымұлы еңбегіңіз жана берсін! Елге керек адамсыз, соны біліңіз.
Кәдірбек Жолпатұлы