Ауа райының қолайсыздығына байланысты, Қостанайда маршруттық автобустардың қызмет көрсету уақыты қысқарады. Бұл туралы қала әкімдігі ақпарат таратты.
“Құрметті қостанайлықтар! Ауа температурасы төмен болуы себепті қысқы дизель отыны қатып қалып жатқанынан бірнеше автобус маршруттарға шықпады. Осыған байланысты, 12 желтоқсанда қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі. Автобустар соңғы аялдамалардан сағат 21:00-де шығады. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, Қостанай қаласының әкімдігі мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, кәсіпкерлік субъектілеріне және басқа да ұйымдарға жұмыс күнін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынады. Құрметті қала тұрғындары, қауіпсіздік мақсатында сіздерден көшеде болуды барынша шектеуді және қажетсіз шықпауды сұраймыз. Қаланың тіршілікті қамтамасыз ету қызметтері әдеттегідей жұмыс істейді: полиция – 102, өрт сөндірушілер – 101, жедел медициналық көмек – 103 және коммуналдық кәсіпорындар – 109 (Айкөмек)”, – делінеді хабарламада.