Қазіргі таңда балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық пен педофилия тыйылмай тұр.
“Педофилия” термині кәмелетке толмаған балаларға жыныстық әрекеттер жасаған адамдарға қолданылады. Негізінен педофилия 18 жасқа толғанда өзінен кіші балаларға құмартушылықтың артуымен пайда болуы мүмкін. Тіпті егде жасқа жеткенде де осындай ауытқулар байқалады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңнамада педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейтін норма пайда болды.
Бұл өте дұрыс шешім, өйткені жазаның бұлтартпастығы балаларға қарсы қылмыстардың санын азайтады, төзімділік пен немқұрайлылық шегін қалыптастырады. Сондай-ақ, онда 16 жасқа толмаған балаларға жыныстық сипатта тиіскені үшін жаза күшейетіні жазылған. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге буллинг, кибербуллинг жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Педофилияның әртүрлі себептері бар. Бастысы, ұл балаларды тәрбиелеудегі олқылықтарда жатыр деп ойлаймын. Ерте балалық шақтан бастап зорлық-зомбылық ұғымын түсіндіру мен жыныстық өмірге саламатты көзқарас қалыптастыру өте маңызды. Қазіргі қоғамда өкінішке қарай, жазадан құтылу мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, аналар қауымы күйеулерінің, балаларының немесе басқа туыстарының жағдайын ойлап, жазалауға тырыспайды. Бала зорлық-зомбылыққа тап болған уақытта анасына сенім артуы керек. Көбіне, зорлық жайттары баланың болған жайтты жасырып, ұялып немесе қорыққанының салдарынан қайталанады. Ең бастысы, ата-аналар баласын түсінуі керек, баламен тығыз қарым-қатынаста болса, бала өзінің ата-анасына толықтай сенім білдірсе, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Егер де балаға онша назар аудармай, оның не істеп, не қойғанын, қандай адаммен сөйлесіп жүргенінен бейхабар болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Сондай-ақ, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін үйрету, интернеттегі ақпараттың ақ-қарасын ажырату, мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі баланың белсенділігін бақылаудың маңызы зор.
Гүлмира Қапенова,
Қостанай облысы әкімінің отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.