Қазыналы шаңырақтың мерейтойын жас оқырмандар атап өтті

Қазыналы шаңырақтың мерейтойын жас оқырмандар атап өтті

Өңірдегі көне кітапхана биыл мерейтойын атап өтуде. Қазыналы шаңырақ Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы осыдан 65 жыл бұрын құрылған. Кітапхана мерейтойын  көңілді, қызықты, балалармен бірге атап өтті.

Мерекеге деген қызу дайындық таңертең ертесімен басталып кетті. Барлық ниет білдірушілер ойын кітапханасына қатысып, алаңды думанға бөледі. Мереке атмосферасын түрлендірген қатысушылар мен қонақтар, әдеби кейіпкерлерінің костюмдерімен келген оқырмандар кітапханашыларға  керемет  қуаныш сыйлады. Көрермен үшін арнайы сыйлық облыстық қуыршақ театрының “Непоседа” спектаклі мен шығармашылық ұжымдар, кітапхана оқырмандары ұсынған концерт болды. Ең белсенді оқырмандар, оқу көшбасшылары да назардан тыс қалмады.

– Бізде жаз айындағы демалыстарда балалар мектептен берілген тізім мен кітаптарды алып оқиды және өнер бөлімінде шеберлік сыныптары да жұмыс істейді. “Оригами+” және “Жас суретші” шеберханалары балаларға ұнайды. Күнделікті кішкентай оқырмандарымыз және демалыста ата-әжелеріне  көрші мемлекеттерден қыдырып келіп жатқан балалар белсенді қатысады. Біз оқырмандарға арнап кітапхана ауласында ойындар, викториналар өткіземіз, – дейді кітапхана әдіскері Шынар Төлегенқызы.

Кітапхана балалардың сүйікті жері болуы үшін алдымен ата-ана көп еңбек етіп, жетелеуге тиісті. Баласы жылап жатса, қолына телефон ұстата салатын ата-ананы көп көреміз. Бала телефонға тәуелді болмасын десек, кітап оқуға қызықтыра білейік. Рухани байығанын, өзіне керек қоректі кітаптан алғанын қадағалайық. Ол үшін әрине, баланы жетелеп осы кітапханаға әкеліңіз. Мұнда бірнеше бөлімдер бар. Ғылыми-көпшілік әдебиет залында қызықты кітаптар көп. Сөздіктер, анықтамалықтар, энциклопедиялар да бар. Солардың көмегімен хабарлама, реферат дайындап, ғылыми жұмыс жазуға болады. Сондай-ақ, осы жерде ғылыммен айналысуға, өздігінен білім алуға керектінің бәрі бар. Кітапханашы нені қайдан алу керектігін айтып, көмектеседі. Бұл жерде 40-тан артық газет-журнал түрлері жинақталған. Оқып, үйге алуға да болады. Ойындар ойнап, аудиокітаптар тыңдап, ағылшын тілін үйреніп, кітаптардың ұсыныс тізімін қарауға болатын компьютерлер де қарастырылған. Ал, ақпараттық-библиографиялық бөлім ақпарат жинаумен айналысады.

– Қызметкерлер күн сайын газет-журналдарды қарап, қажетті мақалалардың сипаттамасын электронды каталогқа орналастырады. Сондай-ақ сабаққа дайындалу барысында өз септігін тигізетін, әдебиеттер тізімі бар жазушы мерейгерлерге арналған түрлі жадынамалар дайындайды. Автоматтандыру бөлімі кітапхананың компьютерлік  және цифрлық техникасына жауап береді. Кітапханашыларға презентация дайындап, кітап көрмесін рәсімдеуге көмектеседі. Ең бастысы, дәл осы бөлімнің қызметкерлері шексіз интернет кеңістігімен кітапхана байланысын орнатады. Солардың ыждаһаттылығының арқасында біздің сайтымыз жақсы жұмыс істеп, кітапхананы түрлі әлеуметтік желілерден табуға болады. Ютубте өз арнамыз бар. Кітапхана жаңалықтарынан хабардар болу үшін біздің арнамызға жазылуға кеңес береміз, – дейді Шынар Төлегенқызы.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу