«Қазына» оқырмандар клубының мақсаты қандай?

«Қазына» оқырмандар клубының мақсаты қандай?

Таяуда Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Қазына» оқырмандар клубы ашылған еді. Оның тұсаукесері «Кітапхана түні» акциясы аясында өтті. Аталған клуб кітап оқу мәдениетін дамытуға, оқырмандардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Осыған орай біз осы кітапханадағы Өлкетану әдебиеттері бөлімінің кітапханашысы, «Қазына» оқырмандар клубының ұйымдастырушысы Ботагөз Дүйсенбаевамен сұхбаттасқан едік.

– Кітап оқу клубын ашу идеясы қалай пайда болды?

– Жалпы, Қостанай облысында кітап оқуды насихаттау жұмыстары қолға алынып жатыр. Біздің Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапхана жанынан «Оқы және жең» атты облыстық байқау ұйымдастырылған болатын. Бұл байқау жылына бірнеше рет өткізіліп келеді. Қатысушылар кітап оқып, кейін онлайн форматта тест тапсырады.

Бұл ауқымды жобаға 10 мыңнан астам адам қатысты. Байқау облыстық мәдениет басқармасының қолдауына ие болды. Сол байқауға қатысқан оқырмандардан, сондай-ақ кітапханаға тұрақты келетін оқырмандар тарапынан: «Неліктен облыстық кітапхана жанынан оқырмандар клубы ашылмайды?» деген ұсыныстар жиі түсе бастады.

Сол кезде менің де ойыма осындай клуб ашу идеясы келді. Әрине, клуб ашу оңай шаруа емес, бірақ оқырмандардың сұранысы бізге үлкен мотивация берді. Идеямды кітапхана басшылығына ұсындым. Басшылық қолдап, жобаны мәдениет басқармасына жолдадық. Нәтижесінде бастама қолдау тапты.

Клуб атауын таңдауда да көп ойланбадық. Өйткені кітап – адам үшін рухани қазына. Сондықтан клубқа «Қазына» деген атау бердік.

– Клубтың ерекшелігі неде?

– Бұл жай ғана кітап оқитын клуб емес, танымдық әрі шығармашылық бағыттағы алаң. Біз айына бір рет емес, әр жексенбі сайын, яғни айына төрт рет кездесеміз. Жұмысымыз жоспарлы түрде ұйымдастырылады.

Бірінші аптада – жұлдызды қонақпен кездесу өткіземіз. Алғашқы кездесуге әдеби комикстер жасаумен айналысатын, Бейімбет Майлиннің әйгілі «Шұғаның белгісі» шығармасын комикс форматында ұсынған авторлардың бірі – Ақбота Жаңалыққызын шақырдық. Мұндағы мақсат – оқырмандарға әдеби шығармаларды заманауи форматта қабылдау жолдарын көрсету, шығармашылыққа бағыт беру.

Екінші аптада – оқылған шығарманы талдау жұмысы жүргізіледі. Қазіргі таңда жасанды интеллект күнделікті өмірімізге еніп келеді. Осыған байланысты шығармаларды NotebookLM платформасының менталды картасы арқылы талдаймыз. Бұл тәсіл оқырмандарға оқыған шығармасын еске түсіруге, ойын жүйелеуге және пікір білдіруге көмектеседі.

Үшінші аптада – әдеби комикстер жасалады. Қатысушылар өздеріне ұнаған эпизодтарды комикс түрінде бейнелейді. Кейін жұмыстар жинақталып, ортақ жоба ретінде ұсынылады.

Төртінші аптада – quiz-ойын ұйымдастырылады. Үздік үш оқырман марапатталып, белсенді қатысушылар ынталандырылады.

blank– Клубтың басты мақсаты қандай?

– Клубтың негізгі мақсаты – кітапхана қорындағы кітаптарды насихаттау, жастарды кітап оқуға баулу және кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Біз оқырмандарды көркем әдебиетке жақындатқымыз келеді.

– Клубқа қатысуда жас ерекшелігі бар ма?

– Арнайы жас ерекшелігі жоқ. Біздің кітапхана ересектерге арналған болғандықтан, жеке куәлігі бар оқырмандардың барлығы қатыса алады.

– Қатысушылар клубқа қалай тіркеле алады?

– Біз арнайы Instagram парақшасын аштық. Онда WhatsApp сілтемесі орналастырылған. Қатысушылар сілтеме арқылы топқа кіріп, оңай тіркеле алады.

blank– Қазіргі жастардың кітап оқуға қызығушылығын қалай бағалайсыз?

– Қызығушылық жаман емес. Бүгінгі жастар көбіне психологиялық бағыттағы заманауи кітаптарды оқиды. Бірақ көркем әдебиетке де  қызығушылық төмендеп бара жатқан жоқ. Жалпы клуб аясында қазақ тіліндегі көркем шығармаларды оқуға басымдық беріледі.

– Бұл клуб жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттыра ала ма?

– Әрине, арттыра алады деп ойлаймын. Себебі мұнда оқырмандар айына төрт рет кездеседі, пікір алмасады, бірге талқылайды. Белсенді орта адамның қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар мотивациялық жүйе де қарастырылған. Осындай ортада жастар кітап оқуға көбірек ынталанады деп сенемін.

Бүгінде елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» бастамасында кітап оқуды ұлттық құндылық ретінде дәріптеудің маңызын атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Қостанайдағы «Қазына» оқырмандар клубы – жастардың рухани дамуына, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Сұхбаттасқан – Сабина Кеңесбаева,

ҚӨУ студенті