«Жастар жалқау. Мен сендердің жастарыңда…» деп басталатын сөздерді үлкендердің аузынан жиі естиміз. Кейде шынымен олар бізден әлдеқайда еңбекқор болды ма? әлде бүгінгі жастар жалқауланып кетті ме? деген ой да келеді. Негізі, шындық қайсы? Осы тұрғыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің аға оқытушысы, психолог маман Нұргүл Әубәкіровамен әңгімелескен едік.
– Қазіргі жастардың мотивациясы мен жауапкершілігін төмендететін негізгі психологиялық факторлар қандай?
– Өкінішке қарай, мотивациясы жоғары адамдарға қарағанда мотивациясы төмен жастардың саны басым. Егер салыстырып қарайтын болсақ, бұған әсер ететін бірнеше негізгі психологиялық фактор бар. Біріншісі – әлеуметтік қысым және адамның идеалындағы өмірдің шынайы өмірмен сәйкес келмеуі. Көптеген жастар әлеуметтік желілер арқылы «мінсіз өмірді» көреді. Онда табысқа жеткен, бәрі жақсы болып жатқан адамдардың бейнесі жиі көрсетіледі. Ал шынайы өмірде түрлі қиындықтар, әлеуметтік қысым, жетістікке жете алмау сияқты жағдайлар жастарды қыспаққа алады. Өз өмірін өзгелермен салыстыру арқылы олар өздерін белгілі бір стандарттарға сай емес деп қабылдай бастайды. Бұл сенімсіздікке, ал ол өз кезегінде мотивацияның төмендеуіне әкеледі. Екінші фактор – өзін төмен бағалау. Сенімсіздік пайда болғаннан кейін «менің қолымнан ештеңе келмейді» деген ойлар қалыптасады. Әсіресе жастарға өзін өзгелермен салыстыру тән: «бәрінде бәрі жақсы, тек менде ғана қиын» деген ойлар жиі мазалайды. Мұндай ішкі диалог жауапкершілікті де, талпынысты да әлсіретеді. Үшіншісі – нақты мақсаттың болмауы немесе мақсаттың шынайы мүмкіндіктерге сай келмеуі. Кейбір жастар өз мақсаттарын дұрыс айқындамайды немесе өз күшіне сай емес, тым жоғары мақсаттар қояды. Нәтижесінде оған жете алмаған кезде өзіне деген сенімін жоғалтып, мотивациясы төмендейді. Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік қолдаудың жетіспеуі. Отбасы мен жақын адамдар тарапынан айтылатын «сенің қолыңнан келмейді», «бұны істей алмайсың» деген сөздер адамды кері тартады. Мұндай сөздер мотивацияны төмендетіп, жауапкершілікті әлсіретуі мүмкін. Дегенмен, кей адамдар үшін керісінше, мұндай сөздер кері мотивация ретінде күш беруі де ықтимал. Сонымен қатар, жас адам өз мәселелері мен мақсаттары туралы ашық сөйлесе алмаса, ол жалғыздық сезіміне, тіпті депрессияға ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда адам өзімен-өзі тұйықталып, уақытын тиімді пайдалана алмайды. Әлеуметтік желілерде ұзақ отыру, ойындарға тәуелділік сияқты әдеттер де дамуға кедергі келтіреді. Ақпараттың шамадан тыс көптігі де жастарға кері әсер етеді. Бұл міндетті түрде стресс туындатып, психологиялық әлсіреуге алып келеді. Нәтижесінде жастар өздерімен күресудің орнына, себеп іздеуге, жауапкершілікті сыртқы факторларға жабуға бейім болады.
– Жастардың жалқаулыққа бейімділігін азайту үшін отбасы, мектеп және қоғам қандай қолдау көрсете алады?
– Қазіргі таңда бұл өте өзекті мәселе. Алдыңғы сұрақта стресс, біреуді кінәлау туралы айттық. Ең оңайы – жауапкершілікті басқаға жаба салу, біреуді итере салу. Осындай көзқарастың салдарынан жастар жалқаулыққа бейім болып келеді. «Баланы аясаң, аяма» дейді ғой, дәл сол секілді, егер балаға жоғарыдан талап қойылмаса, ол жалқаулыққа бейімделіп кетеді. Ал бейімделу дегеніміз – сол бағытқа үйрену, соған төселу деген сөз. Яғни адам қоршаған ортасына бейімделеді. Егер жалқаулыққа бейімделсе, онда болашақтағы іс-әрекеті де, өмір сүру салты да сол бағытта қалыптасады. Бұл үлгіні біз ең алдымен отбасынан көреміз. Отбасы, білім беретін мекемелер, әлеуметтік желілер, телеарна – бұлардың барлығы тәрбие құралдары. Егер ата-ана темекі шегіп тұрып, баласына «темекі шекпе» десе, бала, әрине, сөзге емес, көргеніне ереді. Сол сияқты, егер жалқаулықты үйдегі адамдардан көретін болсақ, біз де соған бейімделеміз. Ал егер еңбекқор, пысық ата-ананың ортасында өссе, бала босқа жата бермейді. Қазіргі таңда тәрбиеге қатысты жауапкершіліктің бәрін тек отбасыға арта салу үрдісі бар: бала сабақ оқымаса – отбасы кінәлі, тәрбиесі дұрыс болмаса – тағы да отбасы кінәлі. Әрине, мақсат қоюды, мотивация беруді, өмір сүру тактикасын үйретуде отбасының рөлі өте маңызды. Бірақ мектепті, білім беру ұйымдарын бұл үдерістен шеттетуге болмайды. Себебі білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Тәрбие берілмеген жерде білім болмайды. Мысалы, шулап отырған баланы тоқтатпасақ, оған сапалы білім бере алмаймыз. Сол себепті өмірді қалай сүру керек, қалай әрекет ету керек деген түсінік мектепте де, колледжде де, жоғары оқу орнында да тұрақты түрде беріліп отыруы тиіс. Тіпті алғашқы жұмыс орнында жас маманға тәлімгер бекітіледі ғой. Ол да қиындықпен қалай күресу керектігін, еңбек мәдениетін үйрету үшін қажет. Қасында үлгі болатын адам болса, адам жалқау болмайды.
– Жастарды еңбекке үгіттеудің маңыздылығы қандай?
– Қоғамдық, тәрбиелік жұмыстардың да маңызы зор. Мысалы, сенбіліктерде көп жағдайда балалардың қатысқысы келмей, қашқақтайтынын көреміз. Университет қабырғасындағы іс-шараларға шақырсаң да, «бармаймын», «уақытым жоқ», «жұмыс істеймін» дейтіндер көп. Қазіргі таңда «жұмыс» деген сөз кейде сылтауға айналып кеткені де рас. Оның рас-өтірігін ешкім тексермейді, бірақ әйтеуір жауапкершіліктен қашудың бір жолы ретінде қолданылады. Сонымен қатар психологтардың қолжетімді болуы да өте маңызды. Психологқа барып, күйзелісімен, өміріндегі қиындықтарымен бөлісу — бұл адамның өзіне көңіл бөлуі, өзін дамытуға деген қадамы. Жалқау адам психологқа бармайды. Ал өз өмірін қолына алғысы келетін, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын адам маман көмегіне жүгінеді.
– Жасөспірімдер мен жастардың өзін-өзі ұйымдастыру дағдыларын дамытуға бағытталған тиімді әдістер мен психологиялық тәсілдер бар ма?
– Бұл сұрақ аясында біз кәсіби психологтың ұстанымдарына сүйенеміз. Психолог ретінде айтарым: ең алдымен – мақсат қою. Кез келген істі таңертең тұрған сәттен бастап күнді жоспарлаудан бастау қажет. «Мен бүгін не істеймін?» деген сұраққа нақты жауап беру маңызды. Сонымен қатар адамға өз ісін өзі жоспарлауға мүмкіндік беру керек. Көбіне біз тым үлкен мақсат қойып, оны күрделендіріп аламыз. Мысалы, жасөспірімдерге оқу тапсырмаларын бірнеше шағын кезеңге бөліп орындауды ұсынуға болады. Өйткені әрбір кішігірім тапсырманы аяқтаған сайын адам өзін жетістікке жеткендей сезінеді, әрі қарай ілгерілеу жеңілдейді. Ал үлкен мақсатты бірден алсақ, мотивация төмендеп, «мен мұны бітіре алмаймын», «шаршаймын» деген қорқыныш пайда болады. «Көз қорқақ, қол батыр» деген мақал осы жерде орынды. Іске кіріскенде ғана қиындықтың жеңілдейтінін түсінеміз. Келесі маңызды қадам – уақытты тиімді ұйымдастыру. Күн тәртібін нақты құру қажет: «таңертең не істеймін?», «түсте не істеймін?», «кешке не істеймін?» деп, әр уақыт аралығын белгілеу. Мысалы, «сағат екіден үшке дейін осы шаруамен ғана айналысамын» деп, сол кезде басқа нәрсеге алаңдамау. Бұл адамның тұрақтылыққа, бір іске ғана назар аударуға үйренуіне көмектеседі. Бір уақытта бірнеше істі қатар жасау (мысалы, жұмыс істеп отырып кино көру немесе кітап оқып отырып музыка тыңдау) ойды бөліп, жұмыстың тиімділігін төмендетеді.
– Неге психологтар «өз-өзіңізді марапаттаңыз» дейді?
– Иә, тағы бір маңызды тәсіл – өз-өзіңді марапаттау. Біз шағын жоспарлар туралы айттық, сол жоспардың әр кезеңінен кейін өзіңізді міндетті түрде марапаттаңыз. Бұл сөзбен де, әрекетпен де болуы мүмкін: «Мен үзіліс жасап, кофе ішемін», «далаға шығып таза ауа жұтамын», немесе өз-өзіңізге «мен жарадым», «менің қолымнан келді», «мен тоқтамаймын» деп айту. Мұндай қолдау, тіпті өз-өзіңе айтылған болса да, адамның ішкі прогресіне әсер етеді. Өмірде қателіксіз жол болмайды. Көп жағдайда адамдар бір сәттік сәтсіздіктен кейін сынып қалады. Сондықтан қателікті қабылдай білу өте маңызды. Қате – бұл норма, тәжірибе. «Мен мұны жасай алмадым, бірақ қайтадан көріп, дұрыстай аламын», «басқаша тәсілмен жасап көремін» деп, өз құлағаныңды мойындау – дамудың бір бөлігі. Сонымен қатар мотивация мен жауапкершілік те үлкен рөл атқарады. Мотивация – алға жетелейтін күш. Егер жанында қолдайтын адамдар болмаса, адам өзін өзі ынталандыруды үйренуі керек. Ал жауапкершілік дегеніміз — өз күшің жететін істі алып, оны соңына дейін жеткізуге талпыну. Бұл жеке тұлғаның өсуіне үлкен мүмкіндік береді. Кейде балалар мен жасөспірімдер таңертең ұйқыдан шаршап тұрады. Оның себебі – уақытты дұрыс пайдаланбау: түн ортасына дейін телефон қарау, кино көру, серуендеу. Соның салдарынан таңертең көңіл күй төмен болып, «бәрі қарсы сияқты» сезім пайда болады. Мұндай теріс ойлар бүкіл күннің берекесін қашырады. Сондықтан дұрыс ұйқы мен позитивті ойлау маңызды. Таңертең күлімсіреп тұрып, «менің күнім керемет өтеді», «барлық жоспарым ойдағыдай болады», «мен бұған жетемін», «жолым болады» деп айту – адамның бойына күш береді. Соңында айтарым – қоршаған ортаның әсері. Егер адам өзі алға ұмтылып тұрса, бірақ қасында «тасташ», «ол болмайды» деп кері тартатын жандар болса, ол дамуды тежейді. Сондықтан жанында қолдайтын, өзі де өсіп, өзгелерді де өсіретін адамдардың болуы өте маңызды. Өйткені жетістік пен нәтижеге жету тікелей ортаға байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті
