Облыс тұрғындары көктемді үреймен күтіп отырғаны рас. Көктем айлары басталсымен қар қалың түскені де белгілі. Қазгидромет жағдайды алдын ала болжау қиын дейді.
«Қазгидромет» филиалының мәліметтері бойынша, облыс аумағында 1-10 наурыз аралығында жауған қардың мөлшері 2,6 мм-ден 13,2 мм-ге дейін болған. Ал айлық норма 11-23 мм арасында. Ең көп қар мөлшері Қарасу, Бейімбет Майлин, Әулиекөл, Диев, Арқалық және Екідің ауылында жауған. Қардың ылғалдығы орта есеппен алғанда 83 мм құрайды, бұл орташа нормадан 63 мм жоғары.
«Көп жылдық тәжірибеге сүйенсек, ауа райы наурыздың аяғы мен сәуірдің басында жылып, ери бастайды. Бірақ биыл ауа райы ертерек жылыды. Былтырғыдай алапат су тасқыны болады деп алдын ала болжай алмаймыз. Егер күн күрт жылып, жауын болса былтырғы жағдай қайталануы мүмкін. Былтыр жағдай басқаша болды. Күзде жауын жауып, жер тоң болып қалды да көктемде жер ылғалды сіңіре алмады. Ал биыл ондай жағдайды бақылап отырған жоқпыз. Жер ылғалды сіңіріп алуы да мүмкін», – деп болжам жасады «Қазгидромет» Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Әділ Ахметов.
13-19 наурыз аралығында солтүстік-батыс циклонының әсерінен облыстың солтүстік бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, орташа мөлшерде жауын-шашын жауады деп күтіледі.
Ауа температурасы түнде -1…-6°C, күндіз +2…+7°C дейін көтеріледі. Наурыздың үшінші онкүндігінде температуралық фон бірқалыпты болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА