Қазақстанның ең шалғай орналасқан станцияларына тегін медициналық көмек келді

Қазақстанның ең шалғай орналасқан станцияларына тегін медициналық көмек келді

«Медициналық пойыздар» жобасы Қарабалықта да болып, науқастарды қабылдады. 5-11 шілде аралығында Қостанай облысының ең шалғайда кенттеріндегі тұрғындар «Саламатты Қазақстан» пойызының арқасында тегін тексеруден және емделуден өтуге мүмкіндік алды. Бұл бастама 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр.

«Саламатты Қазақстан» пойызы – халыққа тегін медициналық көмек көрсете отырып, теміржол станциялары арқылы өтетін ерекше орталық. Пойыздың ішінде ультрадыбыстық аппарат, флюорографиялық аппарат және заманауи диагностикалық және емдік жабдықтар орнатылған. Мұнда шағын операциялық бөлме, зертхана, сондай-ақ интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдары бар. Пойызда әртүрлі медициналық мамандықтардың 35 жоғары білікті дәрігер жұмыс істейді. Олардың ішінде терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, Ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашы, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог бар. Олардың кәсібилігі мен тәжірибесінің арқасында шалғайдағы станциялардың тұрғындары сапалы көмек алады.

– Биыл әлеуемттік-қайырымдылық жобасы ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Қазақстанның 17 облысын аралап шығамыз. Қостанай – жетінші өңір. Мұнда тек медициналық көмек қана емес, заң жағынан да кеңестер беріледі. Мамандар шалғайдағы тұрғындарға тұрғын үй, жер телімдерін алу, алимент өндіру, кәсіп ашу және тағы басқа да сұрақтар төңірегінде түсіндіреді, – дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жобасының үйлестірушісі Жанар Үсіпбекова.

Темір жол бойында көмек көрсетушілер Қарабалық ауданының Тоғызақ елді мекеніне дейін 38 станцияға тоқтаған.

Пойыздың бағыты 17 933 шақырымға жетеді. Ондағы дәрігерлер 6 желтоқсанға дейін елдің әртүрлі аймақтарындағы 121 шалғай станцияға барады. Ал Қостанай облысында бес станцияның тұрғындары тексеріліп, қажетті медициналық тегін көмек алды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу