Қостанай облысында туған қазақ жауынгерінің медальоны 70 жылдан астам уақыттан кейін табылды. Енді оны туған жеріне жеткізу және отбасына тапсыру көзделуде.
Мәскеулік іздеу жасағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан сарбаздың жеке затын Смоленск облысынан тапқан. Жауынгер Қуанышбай (Куашбой) Дәуітов 1911 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Онда оның жұбайы – Оразым Дәуітова есімді азаматша болғаны жазылған.
Қазіргі таңда іздеуші топ сарбаздың туыстарын табуға көмектесуді сұрайды. Медальон мен жауынгерлік естелікті туған-туыстарына табыстау – басты мақсат. Қуанышбай Дәуітовтің денесі Смоленск жерінде әскери құрметпен қайта жерленді.
Іздеушілер қазақстандықтарды, әсіресе, Қостанай облысының тұрғындарын, хабарламамен бөлісіп, мүмкін болса, жауынгердің туыстарын анықтауға үлес қосуға шақырады.
