Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2024 жылдың 30-желтоқсаны мен 2025 жылдың 8-қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Ол бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланған:
«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» мектепішілік іс-шарасы;
театр фестивальдері мен қойылымдары;
жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
қауіпсіздік сабақтары;
мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар; спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.