Бүгін Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Арман Исмаилов студенттермен кездесу өткізіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен оларды шешу жолдары” атты жолдауын талқылады.
Кездесуде ҚИнЭУ-дағы цифрлық трансформацияның басымдықтарына ерекше назар аударылды. Al-Sana бағдарламасы аясында университетте жасанды интеллект технологиялары енгізілуде, цифрлық даму индикаторлары іске асырылуда, жаңа буын кадрларын даярлау қарқынды жүргізілуде.

Ректор университетте Робототехникалық жүйелер, Логистика, Агроэкология, Тасымалдауды ұйымдастыру, сондай – ақ жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленген жаңа- Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект сияқты бірқатар сұранысқа ие білім беру бағдарламаларын іске асыратынын атап өтті.
ҚИнЭУ жасанды интеллект бағытындағы іс-шаралар өткізілетін тұрақты алаңға айналды. Мұнда AI-Week, AI-Leaders сияқты форумдар мен хакатондар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда білім беру мен басқару процестеріне енгізілетін 5 қолданбалы ЖИ-агент әзірленіп жатыр.Университет базасында IT саласына бейімделген практикалық оқытуды қамтамасыз ететін DULATcode бағдарламалау мектебі жұмыс істейді.

ҚИнЭУ оқу процесіне цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, студенттерді заманауи цифрлық экономиканың талаптарына сай даярлауда. Университет Мемлекет басшысының ашықтыққа, интеграция мен инновациялық дамуға бағытталған бастамаларын толық қолдайды.
