Қазақстанда туберкулездің алдын алу айлығы жалғасып жатыр

Қазақстанда туберкулездің алдын алу айлығы жалғасып жатыр

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған іс-шара  наурыздың 24-іне дейін жалғасады. Бұл бастама біздің өңірде де ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.

Айлықты өткізу арқылы профилактикалық іс-шараларды және туберкулездің алғашқы белгілері туралы халықтың хабардарлығын, медициналық көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығын, емдеудің тиімділігі түсіндіріледі. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) шешімімен атап өтіледі. Неміс микробиологы Роберт Кох туберкулез қоздырғышының ашылғанын жариялаған күн. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулықсақтау ұйымы туберкулезді ұлттық апат деп жариялады, ал 24 наурыз күні “Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні” болып жүр. Туберкулез – бұл жұқпалы ауру, ол өкпеге және басқа мүшелерге жиі әсер ететін Кох бацилласын тудырады. Ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы беріледі. Ол Қазақстанда да, бүкіл әлемде де кең таралған аурулардың бірі саналады. Қостанай облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейінің 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,1% – ға төмендеген.

“Ғасырдан астам уақыт бойы жалпы дүниежүзінде бұл күн ерекше атап өтіледі. Айтулы күнде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігерлері  балабақшадан бастап, ересектер жұмыс істейтін орындарға барып, әртүрлі танымдық шаралар мен түсінік жұмыстарын өткізеді. Қазір туберкулезді емдеудің жаңа әдістері қолға алынғаннан бері ауруға шалдыққандардың қатары әлдеқайда азайып келеді. Бұрын зертханалық зерттеу жүргізудің өзі ұзақ уақытта талап ететін. Біздің диспансерде екі бөлім бар. Оның бірі Тобыл кентінде, екіншісі қалада орналасқан. Бәрінде де тұрақты ем жүргізіліп тұрады”,  – дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігері Нұрислам Закиров.

Өз денсаулығына бей-жай қарамайтын кез келген адам өзінен, өмір салтынан, денсаулықты сақтауға ықпал ететін қарапайым ережелерді сақтаудан бастауы қажет. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген абзал. Қазақстан диагностика, емдеу және алдын алу тегін жүргізілетін елдердің қатарына жатады. Туберкулезден қорқудың қажеті жоқ, оны емдеуге болады.

“Қазіргі кезде туберкулезге шалдыққан науқастарға әлеуметтiк қолдау бар. Амбулаториялық деңгейдегi туберкулезбен ауыратын науқасқа белгілі бір көлемде ақша төленеді. Бұл үлкен көмек. Бұрын жылына бір рет қана беретін еді. Енді қазір ай сайын жәрдемақы алып тұрады. Осы топтағыларға әлеуметтiк жағдай жасалса, ауру санының азаятыны анық. Кеуде ауруына шалдықса да емделуден қашып жүргендер де бар. Оларды іздестіріп, мәжбүрлі ем алуға күштейміз. Қазір тіркеуде тұрған алты адам бар. Ондай жағдайда полиция мамандары да көмек береді”, – дейді Нұрислам Закиров.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА  

Жаңалықтармен бөлісу