Елімізде жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Осы атаулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде спорттық жарыстар, марафондар, көңілді старттар және тағы басқа да бұқаралық іс-шаралар өтеді деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Биыл Республика бойынша спорт күніне 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылған. Соның ішінде елорда тұрғындары мен қонақтары 20-ға жуық спорттық шараларға қатыса алады.
Мәселен, City rogaine жаяу жүру және жүгіру бойынша командалық ашық қалалық жарыс, қала саябақтарында Funny Sport марафоны, шағын футбол матчы, «Orange ball турнирі» ішкі теннис жарысы, қала тұрғындары арасында жаппай веложарыс, Триатлон саябағында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Былғары доп» футбол біріншілігі, Streetball-дан балалар мен жасөспірімдер арасындағы қалалық чемпионат және т.б. сайыстар өтеді.