Бағдарлама операторы Отбасы банкі (“Бәйтерек”холдингінің еншілес ұйымы). Өтінімдер 25 сәуірден бастап Отбасы банкінің сайтындағы Баспана маркет порталында қабылдана бастады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі екі айға, яғни, 30 маусымға дейін созылады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.
“Наурыз”бағдарламасының бастапқы жарнасы – 20%. Тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие мөлшерлемесі – 7%, ал азаматтардың барлық санаттары бұл көрсеткіш 9% құрайды. Несие мерзімі 19 жылға дейін болуы керек”, – дейді “Отбасы банк” АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Досымханқызы.
Бағдарламаға тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, Отбасы банкінің салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары қатыса алады.
“Наурыз” бағдарламасының қатысушысы болу үшін Отбасы банкінде депозит ашуы шарт, банктегі жинақ шотында кемінде 1 млн теңге болуы керек. Соңғы 5 жыл ішінде Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үй меншігінде болмауын тексеріңіз. Қатысушының жасы 18 ден 63 жасқа дейін болуы қажет.
“Бағдарлама 8 жылға арналған. Осы уақыт ішінде Қазақстанның 68 000 азаматын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биыл қоныс тойын 12 мың қазақстандық тойлай алады”, –дейді “Отбасы банк” АҚ облыстық филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі басқармасының 1 санатты маманы Медет Маратұлы.
Қарыздың ең жоғары сомасы Алматы мен Астана үшін 36 млн теңгеге дейін болса, қалған өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін беріледі. Сондай-ақ, несие аясында үй жөндеуге ақша алуға болады. Жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған несиенің жалпы сомасының 20% – нан аспауға тиіс.
Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталынан бастапқы тұрғын үйді таңдап, брондап, сатып ала алады. Әрбір нысан тұрғын үйдің нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтетін болады. 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.
Диана БАТЫРБЕК