2025 жылдан бастап Қазақстандағы барлық кәсіптік-техникалық колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Бүгінде елімізде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда. Биыл техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша 153 мың студент тегін оқумен қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артық.
Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бағытталады. Оқу орындарын заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру және дуальді оқыту жүйесін дамыту – басты басымдықтардың бірі.
Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал бұл санды 4 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен бірлесіп, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленген.
Биыл колледждер мен кәсіпорындар 2 мыңнан астам жаңа бағдарлама дайындап, өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді.
Мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында кәсіптік стандарттар мен WorldSkills талаптары енгізілуде. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибелер негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылып, кәсіби шеберлік чемпионаттары ұйымдастырылмақ.
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті