Бүгін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Абитуриенттер колледжде оқуға екі тәсілмен өтінім бере алады: 25 маусымнан бастап қағаз түрінде және 1 шілдеден бастап egov.kz порталы арқылы электронды нысанда.
9 сынып бітірушілер үшін құжат қабылдау мерзімі 25 маусымнан 18 тамызға дейін, ал 11 сынып бітірушілер үшін 25 маусымнан 20 тамызға дейін жалғасады:
Шығармашылық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін,
педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін.
Орта буын мамандықтары мен қолданбалы бакалаврға түсушілер үшін оқуға қабылдау аттестаттың орташа балы негізінде жүргізіледі. Бағалап бөлу міндетті және бейіндік пәндердің орташа конкурстық балы негізінде автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Жұмысшы мамандығына түсетін түлектер әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша оқуға түсетін түлектер арнайы және шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оны қабылдау комиссиялары жүргізеді.
Оқуға түсушілер үшін конкурстар 19-25 тамыз, өнер және мәдениет мамандықтары бойынша 29 шілде-2 тамыз аралығында өтеді.
Айта кету керек, талапкерлер құжаттарды бірден 4 колледжге 4 мамандық бойынша тапсыра алады.
Биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 145 мың абитуриентті оқуға қабылдау жоспарлануда, бұл өткен жылдан 10 мың орынға артық.
Жасанды интеллект фотоиллюстрациясы