Рудный қаласындағы Б. Майлин атындағы жаңартылған мектеп-гимназияның ресми тұсаукесері өтті. «Қазақстан халқына» қоры білім ошағының материалдық-техникалық базасын толығымен жаңартуға 250 миллион теңге бөлді. Бұл қомақты қаражатқа 41 кабинет бастан-аяқ жабдықталып, жаңа арнаулы бөлмелер ашылып отыр.
Заманауи зертханалар, жаңартылған кабинеттер, интерактивті кітапхана және шығармашылық студиялары Би-аға атындағы мектепті озық үлгідегі оқу ошағына айналдырмақ. Мұндай тамаша мүмкіндікті Білім саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқына» қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының аясында сыйға тартты.
Аталмыш мектеп «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында 2010 жылы ашылған еді. 2016 жылы «гимназия» мәртебесін иеленді. 2019 жылы, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай көрнекті тұлғаның есімі берілді. Қазіргі таңда мұнда 1158 оқушы білім алып жатыр. 77 педагог қызмет етеді. Кеншілер қаласындағы мемлекеттік тілде оқытатын тірек мектеп саналатын білім ордасы енді толық жарақтандырылып, жан танымастай өзгеріп отыр.
Ақжолтай жаңалықты ұжыммен бөлісуге «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева арнайы келді. Салтанатты іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, Рудный қаласының басшысы Виктор Ионенко, облыстық Білім басқармасының басшылығы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар әуелі барлық кабинет пен аудиторияны аралап шықты. Барлық сыныптағы жиһаздар жаңартылып, эргономикалық орындықтар мен үстелдер орнатылып, мұғалімдер мен оқушыларға барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Абай, Бейімбет кабинеттеріндегі интерактивті панельдер, зертханалық жабдықтар заман талабына сай. STEM зертханасы және робот құрастыру бөлмелеріне 3D принтерлер әкелінген.
«Қазақстан халқына» қоры денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында ірі жобаларды жемісті жүзеге асырып келеді. Білім сапасын жетілдіруге, балаларды дамытуға бағытталған бастамалардан өзіміздің өңір де тыс қалмағанын көріп отырмыз. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз облысымыздағы осы саланы дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Мектепте балалардың спортпен шұғылдануына және физикалық дамуына да жан-жақты мүмкіндік жасалып отыр. Мекемеге «Қазандоп», «Садақ ату» сынды қазақтың ұлттық ойындарына арналған қажетті құрал-жабдықтар әкелінген. Оқушылардың шығармашылық тұрғыда дамуына жол ашатын арт-студия, телестудия кабинеттері де көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Алдағы уақытта балалар мектеп жаңалықтарын өздері жариялап, жеке арнаның жұмысы жүргізе алады.
Жалпы, бұл – шағын жинақты мектептердің деңгейін көтеруді көздейтін демеуші бағдарламаның игілігін көріп отырған Қостанай облысындағы үшінші мектеп.
«Біз ауылдардағы және моноқалалардағы мектептерге назар бұрып отырмыз. Елдегі барлық мектептің материалдық мүмкіндіктері бірдей деңгейде болғанын қалаймыз. Тірек мектептер – біздің Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобамыз. НЗМ осынау мектептердің барлық педагогін, тіпті директоры мен орынбасарларын өздерінің әдістемесімен толықтай оқытады. Себебі тірек мектептерге жүктелетін жауапкершілік зор. Біліктілігін арттырып шыққан педагогтер тұрғылықты жеріндегі шағын жинақты мектептерге әдістемелік қолдау және көмек көрсетіп, тәжірибелерін бөлісе алады. Бір сөзбен, бұл тірек мектеп озық педагогикалық тәжірибе орталығына айналуы да керек», – дейді дейді қор өкілі Ләззат Шыңғысбаева.
Оның айтуынша, былтыр бағдарламаның екінші кезеңі аясында, Қостанай облысындағы мектептерді қоса алғанда, Қазақстанда 63 тірек мектеп жабдықталған. Кезекте тағы 60 мектеп тұр. Қор бас-аяғы 166 аудан мен 27 моноқаланы қамтуды көздеп отыр.
Айта кету керек, біздің облыста тірек мектептер Рудныйдан бөлек, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында пайда болған. алдағы уақытта бұлардың қатарына Арқалық, Жітіқара қалалары қосылады. Рудный қаласының әкімі таңдауы кеншілер шаһарына түскен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдеріне рахмет айтты.
«Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуіне жасалып жатқан игіліктер. Бізге, әлбетте, әлемдік тенденциялардан кенже қалмауымыз керек. Қордың демеушілігімен осы мектеп әлеуеті зор оқу ошағына айналғалы отыр. Ендігі уақытта мұның қарымтасын сапалы біліммен, саналы тәрбиемен, жетістіктермен қайтару қажет. Қор мүшелеріне гимназия ұжымы мен оқушыларының атынан көп рахмет айтамын. Осынау барлық идеяны іске асырған мердігер азаматтарға да алғысымыз зор», – деді қала басшысы Виктор Ионенко.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры Қостанай облысында басқа да салаларға қатысы бар жиырмадан астам жобаны іске асырып жатыр. Мәселен, өңірдегі сирек кездесетін дерттерге шалдыққан балалар мен ересектерге дәрі алып беруге соңғы екі жылда 3,6 млрд теңге бөлген. Қордың спорт саласын дамытуға көрсетіп жатқан қолдауы да қомақты. Айталық, Жітіқарада алғаш рет заманауи спорттық ангар салынып жатыр екен. Осы және өзге де жобаларды Ләззат Шыңғысбаева егжей-тегжейлі баяндай өтті.
Іс-шара соңында ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, профессор Серікбай Оспанұлы сөз алып, игі бастамаға разылығын айтып, өлеңмен батасын берді.
Жандос Жүсіпбек
Суреттер: облыстық Білім басқармасынан