Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған форумның Қостанай облысында, яғни, еліміздің нағыз астықты өңірінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Өйткені, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі. Екі ел де астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ, әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10%, жайылымдық және шабындық жерлердің 9% осы екі мемлекетке тиесілі.
– Елімізде соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз. Бүгінгі форумда екі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде ортақ келісімге келе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетініне сенімдімін, – деді ҚР Президенті.