Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.
Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Алтын медаль иегерлерінің төртеуі Астана қаласынан. Олар NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова, жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков, Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы Илияс Қазымбек, жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Дамир Құрман. «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Роман Черемнов Алматы қаласынан.
Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.
Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстанның жас физиктерін, олардың ұстаздарын, ата-аналарын және барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймыз! Бұл жетістік – дарынды жастардың қажырлы еңбегі мен ұстаздардың кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ еліміздегі олимпиадалық даярлық жүйесінің жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
