Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай жылқы зауытына барғанда осылай деді.
Кеше Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойған. Осы заң аясында асыл тұқымды жылқыларды сақтау мен көбейтуге көп көңіл бөлінбек.
Жақын арада “Қазақ Тұлпары” ЖШС жылқы зауытында елеулі өзгерістер басталуға тиіс. Ғылыми, селекциялық және зерттеу жұмыстарын қаржыландыру, қораларды, зертханаларды жөндеу және т.б. жұмыстар жүргізіледі жоспарланып отыр.
Жылқы зауытының құлдырап, мүшкіл хәлге түскені туралы “Қостанай таңы” бұған дейін жазған еді. Енді үміт оты тұтанды, асыл тұқымды жылқылар көбейетін болды деп қуанып отыр зауыт мамандары.
“Қазақ Тұлпары” ЖШС басшысының міндетін атқарушы Диас Нұрмұхамбетов облыс әкіміне жылқы зауытының қазіргі хал-ахуалы туралы баяндады. Қазір мұнда 86 бас жылқы, оның ішінде 33 бие бар екенін айтып өтті. Биыл Қостанай жылқысы 13 төлмен көбейді.
“Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда мұндай тарихы бай зауыт жоқ. Мемлекет басшысы кеше Қостанай тұқымын сақтап қалуға арналған тиісті заңға қол қойды. Бұл өте маңызды нәрсе, бәріміз қол жеткізген жетістік. Өткен жылы министрліктермен, Үкіметпен түрлі алаңдарда бұл мәселелер көтерілді. Енді жылқы зауытының екінші өмірі басталады. Кепілдендірілген мемлекеттік қаржыландырудың арқасында кәсіпорынның жаңа тынысы ашылады”, – деді облыс әкімі.
Қазір алқам-салқам болып тұрған қоралар жөнделіп, маңайы қалыпқа келтіріледі. Жылқы басы да көбейтіледі деген жоспар бар.
Облыс басшысы зауыт басшылығымен аз-кем әңгімеден соң, қорадағы сәйгүліктермен танысты.
Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев