Газетіміздің шілдедегі санында облыстық қуыршақ театрына қазақ труппасы ашылатыны жайлы ақжолтай хабарды жеткізген едік. Аталған театр басшысы Мәди Нұрмұхамбетовтің айтуынша, қаңтар айынан бастап ашылатын көрінеді.
— Алматы Эстрада-Цирк өнері колледжінің соңғы курста оқитын екі студенті облыстық қуыршақ театрына жұмыс істеуге келеді. Біз биыл колледж директоры Жеңіс Сейдоллаұлымен екі облыс арасында ынтымақтастық және тәжірбие алмасу мақсатында меморандумға отырдық. Он бесінші қаңтарда театрымыз Нұрбек Рамазанов және Айбек Иманмадин есімді екі жас маманмен толығады. Негізі бұл тарихи сәт деуге болады. Себебі 37 жылдық тарихы бар қуыршақ театрында ешқашан қазақ труппасы болмаған. Қойлымдар санына да өзгешелік енеді. Қазақ орыс тіліндегі қойылымдар саны теңестіріліп жалпы 6 қойлымды ел назарына ұсынбақпыз. Келетін мамандардың ішінде режиссёрлік қабілеті өте жақсы дамыған. Бұл да біз үшін жақсы жаңалық болып отыр. Екі жігітке үй мәселесі қарастырылып жатыр. Облыстық мәдениет басқармасы қос маман келген де жайлы баспанаға кіретіндігін жеткізді. Ол жағынан алаңдық жоқ, – дейді М. Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар 2024 жылы қуыршақ театрына бөлінетін бюджет сомасы үш миллионға ұлғайған. Осыған дейін 7 млн теңге бөлініп келсе, келесі жылдан бастап 10 млн теңге болады.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ