Жақында Қостанайда өткен сатира фестиваліне танымал актер, “ТТТ” театрының директоры Асылбек Боранбаев келген еді. Орайы келгенде өнер иесімен сұхбаттасып қалған едік. Ол сатира жанрының бүгінгі жай-күйі, авторлардың жоқтығы жайында ой толғады.
– Қостанай жеріне қош келдіңіз. Бүгінгі әңгімеміз де сатира төңірегінде болмақ. Жалпы, соңғы кезде комедия көбейіп, күлкіге, жеңіл дүниеге әуестеніп кеттік. Десе де қазақ әзіліне көптің көңілі тола бермейтіні бар. Себебі неде деп ойлайсыз?
– Шындығын айту керек, бүгінгі қазақ әзілінің хал-ахуалы орташа деңгейден аса алмай келеді. Әр театрдың жағдайы да қарабайыр, не болса соны ойнап, сахнаның әдебі мен мәдениетінен, тілінен айрылып бара жатыр. Көрші елдерді қарасақ, сахна, мәдениет, кәсібилік деген аңқып тұрады. Біз сондай дәрежеге жетуіміз керек. Бүгінгі қазақ әзілі сапасының сын көтермеуінің бірінші себебі – сатира театрларында авторлардың жоқтығы. Сейіт ағамыз сияқты авторлар жоқ. Олардың қатарын саусақпен санап та ала алмаймыз. Кезінде Оспанхан Әубәкіров, Садықбек Адамбеков сиқяты сатирик-драматургтер көп болды. Бүгінде солардың ізін жалғастырушы сатириктер санаулы. Қазір сатира дағдарыста тұр. Оларға көп көңіл бөліп, жағдай жасау керек. Авторларға қаламақы төлеп, кітабын шығаруға жәрдемдесу қажет. Оларды қанаттандырып, шабыттандыруға мемлекет тарапынан, мәдениет басқармаларынан қолдау болуы керек. Ал Сейіт ағаларымыз тумысынан табиғи дарындар. Ол кісілердің «Тамашаға», сатираға сіңірген еңбектері орасан зор. Оны еш нәрсемен салыстыра алмаспыз. Ізін жалғаушы Көпен Әмірбек ағамыздан да айрылып қалдық, Толымбек Әлімбекұлы ағамыз да жазарын жазды. Одан кейінгі Шымкентті Мұхтар Шерім де біраз қалам тербеді. Кейінгі мен білетін жастардан бір-екі автор бар. Ал олардың жазғаны кімге жетеді? Содан барып әркім өз білгенін істейді. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сахнаға да қалай жазылса, солай шығып кетіп жатыр. Бұрын көркемдік кеңес деген болатын. Олар талқылап, түзейтін. Оның бәрі болмаған соң сатираның жайы да төмендеп бара жатыр.
– Бұл мәселені қалай шешеміз, жолы қандай?
– Негізі бізге комедиялық театр керек. Қазақстанда бірде-бір комедиялық кәсіби театр жоқ. Ол үшін мемлекет бір емес, бірнеше театрды өз қарамағына алуы керек. Сонда ғана, қазақ сатира театрларының жұмысы алға жылжиды. Жекеменшік театрлардың өзінің сахнасы да жоқ, әйтеуір, өлместің күнін кешіп отыр. Мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілсе, аталмыш театрлар авторлармен, драматургтермен, қажетті мамандармен жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді. Отандық сатира театрларына мемлекет ешқандай қолдау бермесе, осы деңгейде қалуы әбден мүмкін. Өйткені, олардың басқа амалы жоқ. Бұл жолдан шығу үшін мемлекеттік сатира театрын құру керек. Бұл мәселені қанша айтсақ та тыңдап жатқан ешкім жоқ. Бізде талантты режиссерлер, актерлер көп. Бірақ соны жолға салатын, жөнге салатын авторлар да, қадағалау да жетпейді. Әркім өз күнін көріп, концерт беріп жүр.
–Байқасаңыз, қазір бәрі де комедияшыл, неге олай болып кетті?
–Комедия өтімді. Халық көңіл көтергісі келеді. Ал шындығында кино мен театрдың драматургиясының табиғаты бөлек. Кезіндегі «Тамашаның» деңгейі қандай еді. Ол кезде мықты сатириктер «Тамашаға» арнап жазатын. Әрбір шығармадан әдебиеттің иісі аңқып тұратын, тілі қандай еді. Көркемдік кеңес ақылдаса отырып, артығын алып барып сахнаға жіберетін. Соған жұмыс істейтін. Ал қазір оның бірі жоқ. Ұлттық арнаның өзіне небір дүниелер еш кедергісіз шығып жатыр. Кезінде «Тамашаны» ұлттық арна іріктеп барып, артық бір ауыз сөз жібермейтін. Цензура болды. Бірақ оның да өзіндік жолы, реті болуы керек.
–Қостанайда Сейіт Кенжеахметов атындағы байқау дәстүрлі түрде өтіп келеді. Сіз қазылар алқасының қатарындасыз. Осындай фестиваль-байқаулардың берері бар ма?
–Әрине, пайдасы бар. Ауылда, ауданда, қалаларда қаншама талант бар. Оларда өз өнерін көрсете алатындай мүмкіндік жоқ. Осындай жерлерден шабыт алады, тәжірибе жинақтап, жолы ашылады. Сондықтан мұндай фестивальдердің орны бөлек. Жалпы, осындай өнер кешін ұйымдастырып жатқан Қостанай облысы әкімдігінің басшылығына рақмет. Сейіттей ағамыздың атын ұмытпау үшін осындай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып тұрса, тамаша ғой. Қайдан білеміз, осы жерде мықты талант жатқан шығар. Бір адамды бақылап қалармыз. Есімі де танылар. Сол үшін де осындай фестивальге келемін.
–Сізді кинолардан көп көреміз. Қазақстандық киноиндустрияның болашағын қалай бағалайсыз?
–Кино бағытының деңгейі көтеріліп келе жатыр. Осыдан он жыл бұрын көңілім тола қоймайтын. Қазір киноға шақырса, қуана барамын. Мықты режиссерлер, жазатын сценаристер бар. Осы бағытпен жүре берсек, бұдан да биіктерге жетеміз.
–Сатираға келемін деген жастарға не айтар едіңіз?
– Мақсатқа жету үшін еңбектену керек. Сатира – өлмейтін, бірақ қиын жанр. Өзінің табиғаты бар. Тек қана алға жүру керек. Театр актерлерінің көбісі комедия жанрында ойнай алмайды. Бесаспап, жанр таңдамайтын әртістер болмаса, көбі бұған аяқ баса алмайды. Себебі ол іштей табиғатынан беріледі.
–Әңгімеңізге рақмет!