Бұл туралы Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев айтып отыр. Шағын қаланың білім саласында көптеген жаңалықтар баршылық. Қалада осы талаптан шығатын “Жайлы мектеп” құрылысы жүріп жатыр. Мұның сыртында пайдалануға беріліп жатқан балабақшалар да баршылық.
Қазақ тілін дамыту қаланың білім беру кеңістігінде басым болып қала бермек. Жыл сайын қазақ тілінде оқытатын топтар мен сыныптар ашылады.
– Мектептерде қазақ тілінің мәртебесін арттыру – бұл кешенді тәсілді талап ететін маңызды міндет. Әрбір мекемеде алқалы органдардың бұйрықтары, хаттамалары мемлекеттік және орыс тілдерінде ресімделеді. Қаланың білім беру мекемелерін, сондай-ақ сынып кабинеттерін визуалды безендіру екі тілділікті сақтай отырып жүргізіледі, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаев.
2023 жылы Рудный қаласында қазақ тілінде оқытатын 900 орындық «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 2024-2025 оқу жылында пайдалануға беру мерзімімен мектеп құрылысы басталды. Бұл қазақ тілінде оқытатын мектептердегі жиынтық сыныптарды кеңейтуге және сыныптарды толықтыруды азайтуға ықпал етеді.
Аталған жоба аясында барлық мектептер заманауи жабдықтармен, соның ішінде СТЕМ-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық залдармен жабдықталады. Балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік беретін кабинеттер мен рекреацияларды безендірудің қазіргі заманғы дизайны, сабақтан тыс қызметті ұйымдастыру үшін қосымша алаңдары бар.
Сералы МЫРЗАБАЙ