Қазақ халқын әлемге танытқан қоғам қайраткері, қарымды қаламгер, аудармашы, сыншы Герольд Бельгер көзі тірісінде еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.
«Ұлты неміс, жүрегі қазақ» деп соққан нар тұлғалы азамат биыл тірі болса, 90 жасқа толар еді. «Гераға» атанып кеткен қаламгер ұлтымыздың мүддесін өзінен жоғары қойып, халқымыздың ерекшелігін дәріптеумен өтті. Ұлты неміс болғанымен қазақтың тілін, тарихын, өнер-мәдениетін, руханиятын жетік білген тұлға саналы ғұмырын әдебиетімізге арнады.
Герольд Бельгер 1934 жылы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, ұлт әдебиетінің тасын өрге дөңгелетуге сүбелі үлес қосты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты, неміс мәдени қоғамы Алматы қаласындағы бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі секілді жауапты қызметтерді де алғаусыз атқарды.
«Қазақ даласының неміс ұлы» атты жазушыны еске алу кеші Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында атап өтілді. Игі шарада аталған жоғары оқу орнының филология ғылымдарының кандидаты Алма Құсайынова, филология ғылымдарының докторы Марияш Қадралинова, тәуелсіз сарапшы Найля Атжанова, Л.Толстой атындағы әмбебап кітапхананың ақпараттық бөлімінің меңгерушісі Алексей Олексюк және басқа да мамандар жазушы туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, университет студенттері мен оқушылар белсенді қатысты. Игі шараға мектеп оқушылары мен музей қызметкерлері қатысты.
Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Рашид Нұрмағамбетов іс-шараны ашып берді.
– Көрнекті ғалым Герольд Бельгер елімізде ғылымның қалыптасуына және білімді насихаттауда көп еңбек сіңірді. Біздің оқу орнын қазақ әдеибетінің жанашыры болған Герольд Бельгердің 90 жылдығын атап өтудеміз. Бүгінгі таңда ғалымның еңбектері жалғасуда, оның ойлары қазіргі жастарға ой салады, – деп атап өтті Рашид Ғабитұлы.
Өз кезегінде әлеуметтік-гуманитарлық және жаратылыстану пәндері кафедрасының профессоры Денис Качев белгілі әдебиеттанушының жеке басына назар аударды.
– Менің қабылдауымда Герольд Бельгер – қазақ тілі ана тіліне айналған адамның тамаша үлгісі. Қазақстан аумағына келіп, ол тек қазақ тілін үйреніп қана қоймай, оны өз өмірінің, дүниетанымының бір бөлігіне айналдырды. Мен үшін оның еңбектерінің ішінде Абай Құнанбаевқа арнаған еңбектері қызықтырды, – деп атап өтті Денис Качев.
Бір шаңырақ астында, бірнеше ұлттың басы тоғысқан оқу ордасы үшін бұл шараның берері мол.
– Герольд Бельгер Абай әлеміне де терең бойлап, Гете мен Абай туындыларының өзара үндестігін зерттеді. Оған жазушының «Абай мен Гете» зерттеу еңбегіндегі: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін», – деген жолдары дәлел. Жазушы тек қана қазақ тілінде материалдар жазумен шектелмеді. Қазақ қаламгерлерінің өзге ұлт өкілдеріне танылуы жолында да аянбай тер төкті. Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан және тағы басқа жазушылардың шығармаларын орыс тіліне аударды, – деп пікір білдірді филология ғылымдарының докторы, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының филология кафедрасының профессоры Мәрияш Қадралинова.
Еске алу кешінде Герольд Бельгердің шығармашылығын насихаттау мақсатында баяндамалар оқылды. Сондай-ақ, көрмеде жазушының қолжазбалары, жеке заттары, дипломдары, марапаттары көпшіліктің назарына ұсынылды.
Қазақ әдебиетінің нағыз жанашыры бола білген Гераға ұлы Абайдың еңбектерін зерттеп, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан және өзге де қаламгерлердің шығармаларын әлемге танытты. Өзі де әдебиет әлеміне неміс, қазақ, орыс тілдерінде 70 жуық кітабын, 2000 мыңнан аса мақаласын аманат етті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Бахыт ИСИМБАЕВА,
ҚӨУ студенті
Суреттерді түсірген Маргарита НАЛИЗКО