Құрметті оқырман, көпшіліктің сұрауымен «ТүзеТілді» жобасы жалғасын табады. Қазақ тілінде қатесіз сөйлеп, сауатты жазуға, сөздер мен ұғымдарды ретіне, мән-мағынасына сай қолдануға көмекші болатын айдардың айтары әлі де көп. Жылдың алғашқы шығарылымын қазақы туыстық атаулардың дұрыс және бұрыс қолданыстарына арнағалы отырмыз.
Апа, әпке, әпше. Бұл атаулар туыс жағынан жасы үлкен қызға, әйелге қарата қолданылады. Кейде туыстық байланыстан тыс, жалпы әйел адамға назарын аударту үшін құрметпен айтылады. Енді осы нұсқалардың қайсысы дұрыс? Әлбетте, түпнұсқасында «апа» дегеніміз жөн. Жалпы қолданысқа еніп кеткен «әпкенің» өзі сол түбірден туады. Ол «апеке» деген құрмет білдіру, еркелеу мәнінде түрленіп, кейін дыбыстық өзгеріске ұшыраған. Демек, «апа» да, «әпке» де дұрыс. Екеуін де әдеби нормаға айналған сөз дей аламыз. Мәселен, Дулат Исабековтің «Әпке» аталатын драмасы бар. Ал, енді, «әпше» – жергілікті говорға айналып кеткен сөз. Елдің оңтүстігінде жиі қолданылады. Бірақ мұны жалпыхалықтық ұғымға жатқызуға болмайды.
Балдыз, қайны. Қазақта тұрмыс құрған әйел күйеуінің туған немесе туыс бауырларын үлкен-кішісіне қарай «қайын аға», «қайын апа», «қайын сіңлі», «қайын іні (қайны)» деп атайды. Ер адамға да жұбайының жасы үлкен аға-апасы «қайын апа», «қайын аға» болатынын бәріміз білеміз. Ал әйелдің іні-сіңлілерін қалай айтқан дұрыс? «Қайын іні» болғанымен, «қайын қарындас» деген ұғым жоқ. Сондықтан соңғысын қазақ «балдыз» атаған. Тіл ғалымдарының айтуынша, бұл «бал қыз» (балдай қыз) деген мағынадан шыққан сөз екен. Кейбір өңірде «балдыздың» тек қыз балаға қаратылып айтылатыны содан. Бірақ қазір әйелдің сіңлілері ғана емес, інілерінің де ер адамға туыстығын осылай атау ел арасына сіңісті болып кеткен. Қолданыстан шығарып тастай алмасақ та, түпкі мәнін біле жүргеніміз жөн.
Бауыздау құда. Құдалық тойларда осы ұғым жиі талқыға түсіп жатады. Мағынасын тікелей түсініп, тіксіне қабылдайтындар көп. Мұның төркінін «балуыз» сөзіне апарып тірейтіндер де бар. Ал «Қазақ халқының туыстық атаулары» жинағында бұған «мал бауыздағанда бата берген құда» деген анықтама беріліпті. Ісмет Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігінде» «бауыздау құда» тіркесі жөнінде «қыз айттыруға алғашқы құда болып барған адам» деген түсініктеме бар. Осы соңғы екі түсіндірменің ұштасатын жері – «тұңғыш құда түсе барған кісіге арнайы сойылған малдан келіп шыққан ескі атау» деген байлам. Сойылатын малды қос тарапты туыстастыруға келген құдаға таңдататын ырым да кей өңірде әлі күнге кездеседі. Ендеше, созбұйдаға салынып жүрген «бауыздау құданың» мән-мағынасы осы. Мұны кейбір қандас ағайын «шымбайлы құда» деп қолданады екен. Ол өз алдына бөлек тәпсірді қажет етеді.
Немере. Немере деп ұлдан туған баланы айтады. Одан бөлек, ағайынды ұлдардың балалары да бір-біріне немерелес туыс болады. Ал қыздың баласы – жиен. Оның туыстық жөні өз алдына бір бөлек. Бірақ қазір қаланы былай қойғанда, қазағы қалың ауылдарда да үлкен басты кісілер жиенін «немере» дейтін боған. Әрине, қазақ жиенін бөтенсітпеген халық. «Қыздан туғанның қиығы жоқ», «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген мақалдар соның дәлелі. Бірақ бұлар жиенді «немере» деуге негіз бола алмайды. Ол – өзге жұрт үшін немере. Сондықтан осы ұғымдарды шатастырмау қажет-ақ. «Қызымның баласы да немере» немесе «жиен немере» деген түсініктер әуелден қалыптасқан ұғымдарды қойыртпаққа айналдыратын сияқты. Әр ұғым өзінің бастапқы мәніне сай қолданылуы керек.
Жише, дише. Мұндай туыстық атау түрлерін естігеніңіз бар ма? Интернет бүкіл Қазақстанды «үлкен бір ауылға айналдырып» жіберген қазіргідей уақытта әлеуметтік желілерден осындай «қаратпа сөздерді» жиі ұшырастыратын болдық. Нәтінде, «жише, дишелер» елдің оңтүстік өңірлерінің ауызекі тіліне ыңғайланып кеткен. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, көптеген жас мұны қызық көріп, дәл осылай сақау сөйлеп, ақау жазуға әдеттене бастағандай. Бұлар қандай сөз дейсіз бе? Бұлар – қазақтың «жеңге, жеңгей, жеңеше, жеңше» деген жып-жылы сөзінің қырқылған «заманауи нұсқасы». Қадірлі ұғым қор болып, «жише-дише» күйінде жалпыхалықтық қолданысқа айналып кетпеуі үшін балаларымыздың, өскелең буынның тіліне ара-тұра тізгін салып қойғанның сөкеттігі болмас еді…
Естеріңізге сала кетейік, «ТүзеТілді» айдары Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.
Жиып-терген – Жандос ЖҮСІПБЕК