Қастерлі айда құтты қоныс тарту етілді

Қастерлі айда құтты қоныс тарту етілді

 15 наурыз – Қайырымдылық күні. «Наурызнама» онкүндігінің осы атаулы датасы аясында түрлі жоба жүзеге асып жатыр.

Ең елеулі іс-шаралардың бірі Қостанайдағы Әуежай шағын ауданында болды. Көп балалы Марат-Меруерт Бейсенбаевтар отбасы «Асар-Үме» қайырымдылық қорының бастамасымен, жомарт жандардың жәрдемдесуімен үйлі болды.

Ауызашарға шақырту алған оларға басыбайлы баспаналарының есігін ашу бақыты бұйырды. Наурыз тойы қарсаңындағы және қасиетті Рамазан айында ерекше тосынсыйға кенелген отбасының разылығында шек жоқ. Рудныйда бірнеше жыл пәтер жалдап амалдап келген қуаныш иелері енді облыс орталығының бүтін үйлі тұрғындарына айналып отыр.

 «Алла тағала: «Маған шүкіршілік етсеңдер, мен сендерге көп нығмет беремін», – дейді екен. Қиындықты көп көріп келген бізге де, міне, ризық-несібе бұйырып отыр. Әуелі Жаратушыға, содан кейін бастамашы «Асар-Үме» қорына, жәрдемін аямаған қайырымды жандардың бәріне отбасымның атынан шексіз алғысымды айтамын», – дейді аузынан тәубасы түспеген отағасы.

Марат Айтжанұлы – тағдыр басынан сипай қоймаған азамат. Ата-анадан ес білмейтін жасында көз жазып, жетімдер үйінде тәрбиеленіп өсті. 1997 жылы орта мектепті тәмамдаған соң жер-жерде жұмыс істеп, жүре келе дін жолына бет бұрды. Әуелі Қарасу ауданында, кейін Қашар, Жітіқара қалаларында діни қызмет атқарды. 44 жастағы Марат бүгінде Рудныйдағы «Нұр» мешітінде жұмыс істейді. 2013 жылы Мерует есімді арумен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Торсық шекелі төрт ұлдары бар. Тек бір қинайтыны – тұңғыштарының туабітті дерті…

«Ерекше қажеттілігі бар баланың ата-анасымыз. Диагнозы – аутизм, диссоциативті бұзылыс. Тілі шықпаған және ойлау жүйесінде кінәрат, дамуында тежеліс бар. Жасы сегізде. Бірақ сырт көзге 2-3 жасар баладай көрінеді. Біз былтырдан бері Түркияның Конья қаласындағы «Физикон» деген емханасымен байланыста отырмыз. Ол жақта осындай балаларды аяқтан тұрғызып жатыр екен. Сол үшін бұлар бізді шақыртып, «емдей аламыз» деп отыр. Былтыр қор ашылып, «Нұр» мешітінің бас имамының бастамасымен жамағат қажетті сома жинап берді. Қасиетті Рамазан айында барлық тілегіміз орындалды деуге болатындай… Үйлі болдық, енді баламыз айығып шығар деген үміт шырағы тұтанып отыр. Аллаға сансыз шүкір!» – деп толқынысын жасыра алмады Марат.

«Жыртық үйдің құдайы бар» деген осы да. Қайырым мен қамқорлыққа бөленген отбасы күні кеше ғана қуаныштан көз жастарына ерік берген сәттің видеоларын да бізге көрсетіп үлгеріп жатыр. Осы оқиғаны есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруды «Асар-Үме» қоғамдық мәдени-білім қорының Қостанай облысындағы модераторы Елжас Шора өз міндетіне алған көрінеді.

«Ол Рамазан айындағы тосынсый айырықша болса деген ниеттен туған идея еді. Отбасыны аяқ астынан қуантайық дедік. Толқынысқа толы оқиға болды. Ізгі шара басынан облыстың найб имамы, КВS құрылыс компаниясының директоры, еріктілер және өнерпаз жігіттер де табыла кетті. Жалпы, бұл – Қостанай облысында қайырымдылық қоры құрылғалы баспаналы болған 15-ші, былтырдан бері өңірде қоныс тойын тойлаған бесінші отбасы», – дейді қор өкілі.

«Асар-Үме» қорының басшылары былтыр Қостанай облысына келіп, екі отбасыға үй алып беру үшін қайырымдылық жинағы басталғанын жариялапты. Бір ғажабы, облыста төрт-ақ күннің ішінде 101 млн теңгенің басы құралып үлгерген. Қор пайда болғалы бес жыл, бірақ аз мерзімде елдегі ешбір өңір мұндай қомақты сома жинап көрмеген екен. Нәтижесінде, осы қаражатқа екі емес, бес отбасыны баспаналы етудің сәті түсіпті. Елжас Шораның айтуынша, қайырымдылыққа «KBS Строй» құрылыс компаниясы да үн қосуға ниет білдірген. «Мұқтаж отбасылардың біріне табыстарсыздар» деп, жаңа баспана кілтін беріпті. Мінекей, сол құтты қоныс Бейсенбаевтарға бұйырып отыр.

Айтпақшы, кеше кешкілік Марат науқас баласын емдетуге Түркияға жол жүріп кетті. Сапар сәтті, ем шипалы болғай!

Жандос ЖҮСІПБЕК

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

 

Жаңалықтармен бөлісу