Меңдіқаралық Күләш Медеуқызының жасы биыл тоқсанға қарайды. Бүгінгі бейбіт заманда сол бір қиын кезең, болмаған балалық шағын жиін есіне алатынын айтады кейуана.
«Соғыс біткенде он жастамын. Әкемді өлтірді. Бәрі «жеңіс келді!» деп қуанып жатқанда, «халық жауының қызы болып шығамын ба?» деп өзімнен қуыстанғаным әлі көз алдымда», – деп күңіренді қария.
Бірде терезеден түскен күн сәулесіне көз тастап, сол кездегі аумалы-төкпелі уақыттың озбыр тұстарын сыбап өткендей кейіп танытады.
«Әкем 1941 жылы әскерге кетті. Бір жыл өтпей үйге қара қағазы жетті. 1942 жылы маусымның аяғында екі милиция келіп: «Сендер халық жауысыңдар!. Жиырма төрт сағаттың ішінде бар дүние-мүлікті тәркілеп, қызыңды балалар үйіне береміз, сізді жер аударамыз», деп анама бас салды. Үйіміздегі әкемнің ат арбасы мен азын-аулақ малымызды колхозға апарып өткізіп тастады. Сонда шешем тұрып: «күйеуімді алып кетіп, жоқ қылдыңдар, мал-мүлкімді тартып алдыңдар, қызымды балалар үйіне бермекшісіңдер, сонда не үшін өмір сүремін? Одан да осы жерде атып тастаңдар», деді. Сонда милиция бастығы: «Жарайды, ендеше, қызды осында тастаймыз!», деді де қайтадан жетектеп әкеліп, шешемнің қолына ұстатты», – деп кемсең қақты Күләш әжей.
Жандайшаптар шаңырағындағы самауыр, балтасына дейін арбаға тиеп салды. Бұларды көршілес Ұзынкөлге жер аударды. Жолай Ақсуаттағы көпірдің астына түнеп, Ершовкадағы бес баласынан айырылған Әубәкір шалдың үйіне зорға жетеді. Олардың да балаларының қара қағазы келіп жатыр екен. «Қалыңдар, балаңды жоғалтып аласың!» деп бәйек болды отағасы. Анасы Ханшайым Әбішқызы шаруаның жай-күйін айтып, аудан орталығындағы Сәбитов деген ноғай уәкілге жолығып келуді ұйғарады. Ол тыңдап бола сала:
– Мына жерде сізді жер аудару керек дегенімен, мал-мүлкті алу туралы ештеңе жазылмаған. Босқа тартып алған болуы керек. Жалпы қайда барғыңыз келеді? – деп сұрады.
– Бірлікке .., – деді бұл төркін жұртымның бір пайдасы тиер деген оймен
– Жоқ онда барма! – дейді бірден кесіп айтқан Сәбитов. – ол жақта саған не жұмыс жоқ. Екіншіден қазір онда барсаң, басқармалары халық жауының отбасы деп көзіңді шұқып отырады. Ақылымды алсаң, Ершовка деген ауылға бар. Онда МТС, астық дайындау қоймасы жұмыс істеп жатыр. Екі қолға бір күрек табылады, – деді Сәбитов.
Содан Ершовкадағы Әубәкір шалдың үйіне қайтып барған бұлар ол жерді екі жыл паналайды. Кейін бір бөлмелі жер үй алып, өз беттерінше күнелте бастады. Коменданттары ай сайын тексеріп отырады. Ешқайда кеткен жоқпын деп шешесі барып қол қоятын. Басқарма не шаруа айтса, соны істейтін. Солай бес жылды өткізді…
Кейін бой жетіп, комсомолға өтерде де маңдайына біткен осы бір қара дақтың алдынан тағы шыға келгені бар. Мектепте де мұғалімдерінің жек көретіні сондай, халық жауының қызы деп хатшылық та өткізбей тастайды.
«Бурабайдағы қызымның қолына келген кезім. Кезінде бізді неге қудалап, жер аударды екен деп іздене бастадым. Соғысқа барғандардың ішінен жоғалтып жүрген әкемді бір күні жазықсыз жазаланғандардың арасынан тауып алдым. Онда әкемнің аты-жөні Медеу Испаев деп жазылып тұр. Келесі күні әкімдікке бардым. Жазықсыз жапа шеккендер ескерткішіне есімін жаздырдым», – дейді бойын мақтаныш сезім билеп.
Әңгіме ауанын осы құжаттар тізбектеген дерек көздерімен аяқтағанды жөн санап отырмыз:
«Медеу Испаев 1908 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – бастауыш. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде 254-атқыштар дивизиясы құрамында майданда болған.
Алайда 1942 жылдың 17 мамырында әскери трибунал тарапынан 58-баптың 16-тармағы бойынша тұтқындалып, 10 күннен соң, 27 мамырда ату жазасына кесілген. Бұл бап сол кезде «сатқындық», «қарсы жақпен байланыс» сынды айыптаулар үшін қолданылған.
Кейін, 1993 жылы 8 маусымда Медеу Испаев толық ақталды. Бұл — сол уақыттағы мыңдаған жазықсыз жазаланған азаматтар сияқты, оның да «халық жауы» деген жалған жала құрбаны болғанын білдіреді».
Айбек ЖҮЗБАЙ