Қаржы нарығындағы алаяқтық азаймай отыр

Қаржы нарығындағы алаяқтық азаймай отыр

Қаржы пирамидалары қаржылық инвестициялар саласындағы ең көп таралған қауіпті қылмыстық компаниялар. Осындай алаяқтық істің кесірінен миллиондаған халық сан соғып, миллиардтаған қаражат көлемінде залал келіп отыр. 2024 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша 36 қаржы пирамидалары,  What’s APP чаттары  арқылы жасалған 200 алаяқтық іс анықталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, интернет желісінде құқыққа қарсы контент жарияланымдарының алдын алу мақсатымен “Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады, дрепперлер деген кім және заңды бұзбауға арналған басқа да кеңестер” тақырыбында форум өткізді. Форум АФМ ресми YouTube-арнасында онлайн режимде өтті.

“Қазіргі таңда ақшаға қолжетімділік өте оңай. Ата-аналар кішкентай балалардың өзіне банк шоттарын ашып беріп жатыр. Президентіміздің “Адал азамат”, “Еңбек адамы” , “Толық адам” концепцияларын мұқият оқуға кеңес беремін. Отбасымызға, жақындарымызға тіпті үкіметке сенбей танымайтын алаяқтарға жиі алданып жатамыз”, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат.

Форумға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, белгілі медиа тұлғалар, сондай-ақ жастар қозғалыстарының өкілдері мен еріктілер шақырылды.Шараға еліміздің ең үздік 35 университеті, 20 мыңнан астам студент және 10 миллионнан астам аудиториясы бар блогерлер қатысты.

Әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар, “NNN” лақап атымен танымал Нұрдәулет Бектұрсын қаржылық пирамиданы жарнамалауға ұсыныс түскенін, дегенмен бірден бас тартқанын айтады.

“Кішкентай кезімде анам алаяқтарға алданып, сан соғып қалғанымыз бар. Бала болсам да сол сәт көңіліме қатты әсер етті. Осы оқиғадан кейін біреуді алдаудан немесе алданып қалудан қорқамын”, – дейді ол.

Қаржы пирамидаларының белгілерінетым жоғары пайда туралы ақпараттар, интернеттегі белсенді әрі жалған жарнама жатады. Олар заңсыз жұмыс істейді, тіпті компания Қазақстанда тіркелмеген болуы да мүмкін. Алаяқтардың басты шартты міндетті түрде өзіңізден кейін жаңа клиенттер тартуыңыз қажет. Сондай-ақ, мұндай компаниялар қаражатты қолма-қол, криптовалютамен немесе төлем жүйелері арқылы қабылдайды.ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі егерде ақпарат көздерінде бизнестің құрылтайшылары мен басшылар туралы, яғни, оның тегі, аты, әкесінің аты, өмірбаяны жайлы нақты ақпарат болмаса,компанияның нақты мекен-жайы көрсетілмесе,олардың қымбат активтері, қаржылық жағдайы туралы мәліметтері болмаған жағдайда сақ болуға шақырады.

“Chia tal” жобасы өзін қытайлық фармацевтикалық компания ретінде көрсетті. Олар ең төменгі жарна 200 мың теңге деп жариялады. Нәтижесінде 2500 мыңнан астам қазақстандық 3 млрд теңгесінен қағылды. Сонымен қатар, “Focus”  компаниясы күн электр станциялары арқылы пайда табуға уәде берсе, қытайлық компанияның атын жамылған “Gpibs” инвестициялық жобасы жылдық жарна 1000 % болады деп халықты алдаған болатын. Күні кеше ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанайдарұқсатсыз, заңсыз крипто айырбастаумен айналысқан кәсіпкердің қызметті тоқтатты.Күдікті 2020-2022 жылдар аралығында Қостанай облысының Тобыл қаласында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын жүзеге асырып, тыйым салынған кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Заңсыз ісі арқылы 358 млн теңге көлемінде табыс тапқан.Сот аталған азаматты екі жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

“Интернет желісінде алаяқтық, интернет-ұрлық, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау киберқылмысқа жатады. Қылмыстың алдын алу үшін халық арасында профилактикалық сұхбат жүргізіп, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін интернет-алаяқтардың қолданатын тәсілдерін, алаяқтықтың түрлері жайлы хабарлаймыз. Облысбойынша жыл басынан интернет-алаяқтық бойынша 400-ден астам қылмыстық іс тіркелген,  оның ішінде 60-тан астам қылмыстық іс ашылды”, – дейді Қостанай облысы ПД “Киберпол” бөлімінің басшысыОлжас Мағыпаров.

Қаржы пирамидасын құрып және оны ұйымдастырғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, ал алаяқтарды жарнамалағаны үшін 4 жылға дейін мүлкін тәркілеу көрсетілген.

Диана БАТЫРБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу